Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Дұғаның қабыл болу шарттары

0 2  246

Пенденің дұғасы жауапсыз қалмайды. Бұл турасында Құранда мынадай аят бар:

وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ فَلْيَسْتَجِيبُواْ لِي وَلْيُؤْمِنُواْ بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ

«Менің пенделерім сенен Мен туралы сұраса ақиқатында Мен оларға жақынмын, Маған дұға жасаса (тілек тілесе) жауап беремін. Ендеше, оларда Менің әмірімді орындасын. Иман келтірсін, мүмкін олар тура жолға түсер»[1].

Ал, адамзаттың ұстазы Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде:

إن الله حيي كريم، يستحي من عبده إذا رفع إليه يديه أن يردهما صفراً

«Шын мәнінде, Алла – Ұялушы және Жомарт. Егер Оның құлы Оған екі қолын жоғары көтеріп дұға қылса, оларды (екі қолын) құр қайтаруға ұялады», – деп дұғаның ескерусіз қалмайтынын сүйіншілейді[2].

Дұға қабыл болуы үшін өзіндік маңызды шарттарды сақтаған лазым. Олар төмендегідей:

Бірінші, ықыласты болу. Бұл дегеніміз барлық күмән туғызатын нәрселерден таза болу, істі бір Аллаға толықтай тапсыру, риа мен серік қосудан сақтану дегенді білдіреді. Бұл жайында қасиетті Құранда былай баяндалады:

وَمَا أُمِرُوا إِلَّا لِيَعْبُدُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ

«Олар; ғибадатты, нағыз Аллаға шынайы ынтамен бір беткей түрде орындайды»[3].

Екінші, арам ас жеуден сақтану. Бұл – тек дұғаның ғана емес, ғибадат түрлерінің барлығының да шарты. Бұл турасында Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде былай деген:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُلُواْ مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ

«Әй, мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер»[4].

Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде бұл жайында ескертпелер көп. Арамнан болған аспен тамақтану, арам жолдармен келген киім кию, осындай жолмен отбасын асыраған адамның дұғасы қырық күн бойы қабыл болмайтыны жайлы да хадистерде баяндалады.

Үшінші, дұғаның қабыл болуына анық илану. Алланың ақырғы Елшісі (с.ғ.с.) мүбарак мәтінді хадистерінің бірінде былай деп ескертеді:

ادعوا الله وأنتم موقنون بالإجابة، واعلموا أن الله لا يستجيب دعاء من قلب غافل لاه

«Алланың жауап беретініне кәміл сеніп, дұға қылыңыздар, сондай-ақ Алланың, жүрегі өзге нәрсеге алаңдаулы, бейқам, қаперсіз жанға жауап бермейтінін біліңіздер»[5].

Төртінші, дұғаны шын жүрекпен жасау. Яғни, Раббымыздан қорқа отырып, Алланың сауабынан үміт етіп, жасасынан именіп, шынайы бар ынтасымен, жүрегімен беріліп сұрау. Бұл туралы ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с): «Біліп қойыңдар! Алла тағала құлықсыз жүрекпен жасалған дұғаны қабыл етпейді», – дейді.

Бесінші, шектен шықпай, нық шешіммен, ыждағаттылықпен, байсалдылықпен тілеу. Алла Тағала Құран Кәрімде «Ағраф» сүресі, 55-аятында былай дейді:

ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً إِنَّهُ لا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ

«Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз Ол, шектен шығушыларды жақсы көрмейді».

Әділ Агитаев

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

[1]« Бақара» сүресі, 186-аят

[2] Тирмизи хадистер жинағынан

[3] «Баиина» сүресі, 5-аят.

[4] «Бақара» сүресі, 172- аят

[5] Тирмизи хадистер жинағынан

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.