Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Cүннетке сай дағуат негіздері

0 2  069

Сүннетке сай дағуаттың шарттары:

Бірінші шарт: Ықылас. 

Алла тағала Құран кәрімде:

                وَمَا أُمِرُوا إِلَّا لِيَعْبُدُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ وَيُقِيمُوا الصَّلَاةَ وَيُؤْتُوا الزَّكَاةَ ۚ وَذَٰلِكَ دِينُ الْقَيِّمَةِ

Олар ғибадатты, нағыз Аллаға шынайы ынтамен бір беткей түрде орындаулары, намаз оқулары, зекет берулері үшін әмір етілген. Міне  осытұп-тура дін.[1]

Жоғарыдағы Құран аятында «шынайы ынтамен бір беткей түрде орындаулары» деген сөзден Аллаға бағытталған әрбір салихалы амалдың шынайы ниетпен Алла разылығын қалап жасау керектігін айтуда. Салихалы амалмен мақтану, көрсету, өзін жоғары ұстау әрекеттері қосылса ол амалдың сауабын жояды. Сол секілді ислам дағуатындағы мақсат белгілі бір топтың санын көбейтіп, белгілі бір ғалымның атын шығару болса, пайда бермейді. Қазақстандағы ислами топтар да көбінесе өкілетті мемлекет тарапынан бекітілген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдеріне қарсы шығуға үгіттейді, бұл «таблиғ жамағатының» әрекетінде де тыс қалмады .

Екінші шарт: Бір ізділік.

Бұл жерде мақсат адам басқа біреуді дінге шақырған кезде ең маңызды болған амалдарға үндеуі тиіс олар:

Алланың бірлігіне шақыру. Діни негізі қалыптаспаған адам бойына Аллаға деген сүйіспеншілікті сіңдіру ең маңызды қадам. Бұл орайда дағуатшы адамға Алланың бір екенін, Оның ешбір жаратылыстарға ұқсамайтынын, әлсіздік, шаршау секілді бүкіл кемшілік атаулыдан пәк екенін, Оның мұсылмандар үшін аса мейірімді, кәпірлер үшін аса қаһарлы екенін жеткізу. Бүкіл мақұлықтың тек Аллаға құлшылық үшін жаратылғанын түсіндіру.

Пайғамбарға (с.ғ.с.) сүйіспеншілік. Аллаға иман келтіргеннен кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және өмірімізді оның сүннетіне сай   жүру керек екені жайында жеткізу. Алла тағала Құран кәрімде:

لَّقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِّمَن كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا

Расында сендер үшін, Алланы да, ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар.[2]

Көркем мінез. Ислам дінін қабылдаған имандылықты тек құлшылықпен ғана емес, көркем мінез құлықпен де көрсете білуі тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен үшін сіздердің ең сүйіктілеріңіз, сондай-ақ қиямет күні маған ең жақын болатындарыңыз – ең көркем мінезділеріңіз»[3]деген.

Үшінші шарт: Жан-жақтылық

21-ғасыр дағуатшысы заман ағымына сай, технологиялық құрылғыларды қолдана білуі тиіс. Оларды қолдана білмеу оның жұмысын тежеуге апарады.

Төртінші шарт: Құран мен сүннетке сүйену.

Әрбір дағуатшы үшін Құран және сүннет негізгі ұстанымы болуы тиіс. Қасиетті Құранда:

«(Ей, Мұхаммед!) Сен адамдар арасында Алланың көрсеткені бойынша төрелік етсін деп Саған хақ кітапты (Құранды ) түсірдік»[4]

басқа бір аятта:

«(Ей, Мұхаммед!) Біз Саған барлық нәрсені ашық баяндайтын, мұсылмандар үшін дұрыс жол, игілік және қуаныш болатын Құранды түсірдік»[5]

Хадис жайында Құран кәрімде:

«Егер бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Аллаға (Алланың кітабы Құранға) және Пайғамбарға (Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннетіне) жүгініңдер. Егер сендер Аллаға ахирет күніне анық сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы, әрі жақсы нәтижелі болмақ»[6] .

Демек, әрбір дағуатшы мұсылман үшін Құран мен сүннет темірқазық іспеттес бағыт-бағдар беруі тиіс.

Дінге қалай шақырамыз

Бірінші: Дағуат бағытталушы адам, оның ой өрісі, жас шамасы, мінезі, қоғамдық орны жайында білуіміз және соған сәйкес дағуат жасауымыз керек. Аш болса, тойдырып, ауру болса дәрі беріп, әдепсіз болса тәртіпке шақыруымыз қажет.

Екінші: Ауырлатпау, жеңілдету. Дінді жаюшы адам сонымен қатар діннің негізгі парыздарын үйретуші болып табылады. Үйретуші адам құлшылықтың жеңіл жолдарын білуі қажет. Сапар шексе, намаздың қысқаруы, су болмаса, топырақты қолдануды, ауру болса, оразасын ашу, тағы басқа жеңілдіктердің басын ашып, үйретуі тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің мүбарак хадисінде: «Жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар»[7], деген.

Үшінші: Бірте-біртелік (градация). Алладан кемеңгерлік қасиет нәсіп болған адам Алланың бірлігіне шақырғаннан кейін одан кейін маңызды болған намаз, дәретті үйретеді. Иманы орнығып  намаз оқи бастаса, ораза ұстаудың абзалдығын оның рухани тәндік пайдаларын түсіндіреді. Кеше ғана ислам қабылдаған адам бір сәтте бүкіл амалды орындап кетуге шамасы келмейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің меккелік, мәдиналық дауатында осы мәселеге ерекше мән берген.

Төртінші: Жұмсақты, ерекше қамқорлық. Адам жас тал еккенде алғашқы уақытында оған ерекше мән беріп, суарып, қазыққа байлап оны демеп, біраз уақыт қамқорлық жасайды. Егер ешбір қазық, тіреу байланбаса, қалай болса солай өсіп немесе бір сұрапыл дауылда құлап қалуы мүмкін. Сол секілді исламға жаңа келген адам алғашында білімді адамдар тарапынан қолдауға мұқтаж. Егер оған көңіл бөлмесе, иманы жанбай жатып өшіп қалуы мүмкін немесе жат пиғылды ағымдардың жетегінде кетіп адасуы мүмкін. Сол себепті исламға келген адамды арнайы білім алушы топқа қосып, назарда болу керек. Бұл тұрғыда таблиғ жамағаты мүлдем қауқарсыз, өйткені олардың дағуаты көп жағдайда намаз, дәретпен ғана шектеледі.

Бесінші:  Өзінің шама-шарқын білу. Бұл орайдан исламға жаңа келген адамдар тарапынан әр түрлі сұрақтар қойылуы мүмкін. Сол себепті кейбір аса күрделі сұрақтарға жауап беруден аулақ болуы, оны білім иелеріне бағыттауы тиіс.  Алла тағала Құран кәрімде: Егер өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар»[8] , деген. Демек, исламға шақырушы өзінің дін ғалымы емес,  дағуатшы екенін сезінуі тиіс.

Қорыта келе,  бұл ағымның жаман, жақсы жақтары байқалады. Олардың негізгі жақсы қасиеттері жергілікті басшыларға ашық түрде қарсы шықпауында, сондай-ақ олар қай елде жүрсе де сол елдің салт-дәстүрін, заңдарын мойындап, кереағар әрекеттерге бармайды. Негізгі мақсат ретінде дін жаюды ғана алға қояды. Алайда шариғат ілімі жоқ кез-келген адамға  дағуатқа шығуды міндеттеуге болмайды, білімсіз дін жаюдың өзі шариғатқа қарама-қайшы әрекет.

Мемлекет тарапынан жоғарыдағы олқылықтар ескеріле отырып, 2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен аталған діни ұйымның Қазақстан аумағындағы  қызметіне тыйым салынды.

Аталмыш сот шешімі Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған міндеттерге толық сәйкес келеді. Мемлекет Басшысы өз Жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі осы жат діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені біздің қоғамның бір бөлігінің шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз», – дей отырып, дәстүрлі емес секталар мен жалған діни ағымдардың қызметіне қатаң тосқауыл қою қажеттігіне баса мән берген болатын.

 Елімізде орналасқан бір діни жоғары оқу орны мен он  медреседен жыл сайын мыңдаған діни мамандар тәлім алып шығады. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде халыққа қызмет жасауда.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл ағымның белсенділігіне жол берілгенмен, қазіргі уақытта оған қажеттілік жоқ, және олардың негізгі мақсаттары да белгісіз. Қазіргі кезде елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және оған қарасты бөлімдер РАНТ (Республикалық ақпарат насихат тобы) жұмыс істейді. Әрбір облыста ислам насихаты жетпеген ауылдарда ЖАНТ (Жергілікті ақпарат насихат тобы) жұмыс істейді. Бұл топ мүшелерін еліміздегі білікті діни мамандар құрайды. Сол себепті дінді тек білім иелерінен үйренейік, сонда ғана адасушылықтан алыс боламыз.

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] Бәина сүресі, 5-аят

[2] Ахзаб сүресі, 21-аят

[3] Тирмизи хадистер жинағы

[4] Ниса» сүресі, 105-аят

[5] Нахыл» сүресі, 89-аят

[6] Ниса» сүресі, 59-аят

[7] Бұхари хадистер жинағы

[8] Нәхл сүресі, 43-аят

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.