Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Әл-Ирада (Қалау)

0 1  980

Ирада – Алланың қалауы. Бір нәрсеге шешім қабылдап, оны (істеуді) жүзеге асыруды ирада дейді. Бұл Алланың субути сипаттарының бірі. Ұлы Жаратушының әрбір нәрсесі Өз құдіретімен бар қылатындығы күмәнсіз ақиқат. Әрбір нәрсе Хақ Тағаланың құдіретімен жаратылса, онда бұл Алланың қалауы болып саналады.

Алла Тағала әуелі қалайды, одан кейін оны құдіретімен жаратады. Алла бір нәрсенің қашан, қайда, қай уақытта болатындығын Өз қалауы бойынша жасайды. Алланың қалағаны болып, қаламағаны болмайды және ешбір күш те, құдірет те бұл істе шарасыз. Яғни еш нәрсе Оның қалауындағы нәрсеге әсер ете алмайды.

Бүкіл ғаламшардың және бізге беймәлім басқа да әлемдердің басқарылуы мен ішінде болып жатқан әрбір іс тек Алла Тағаланың қалауымен жүзеге асады. Бұл жайында қасиетті Құран аятында:

«…Шүбәсіз, Алла қалағанын істейді»1. – деп баяндайды.

Осы тақырып туралы ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.); «Алланың қалағаны болады да, қаламағаны болмайды»  деп, Ұлы болған Жаратушының қалауының мінсіз әрі Құдіреті шексіз екенін сөз еткен. Әлемдегі біз көріп жатқан, біз істеп жатқан әрбір әрекет Алланың қалауымен болып жатқандығын біз білуіміз керек.

Алла Тағала кез-келген істі қалайды да, қалағанынша істейді де. Бұған Құдіреті кәміл жетеді. Ол қалаған нәрсеге бұйрығы тек «бол!» деу ғана. Ол нәрсе де дереу бола салады. Оның хикметіне сұрақ қойылмайды. Аятта:

«…Ол – барлық аспан мен жердің жаратушысы. Бір нәрсенің болуы туралы үкім берсе, оған «бол!» десе-ақ ол пайда бола салады»2.

Міне, Алла Тағала талдағы жапырақтың үзіліп жерге түсуі де, жердегі әрбір өсімдік атауы мен тіршіліктердің әрекеттері Алланың қалауынсыз еш жүзеге аспайды. Ол жайында бабаларымыздан жеткен «Құдайсыз қурай сынбайды» деген мақал бар. Ал, ақида ілімі бойынша, Алланың осындай қалауына кәміл сенуіміз парыз болып саналады.

Бұл туралы Құран аятында былай баяндалады:

«(Ей, Расулым!) былай деп айт: «Ей, Мүліктің иесі – Алла! Сен қалаған адамыңа мүлікті бағыштайсың, қалаған адамыңнан мүлікті аласың. Қалаған адамыңды үстем етесің және қалаған адамыңды қор қыласың. Жақсылық тек өз қолыңда. Сенің Құдіретің, барлық нәрсеге жетеді»3.

Сондықтан Алла Тағала разы болатын істер Оның қалауымен пайда болғанымен, разылығы болмаған істердің пайда болуы да сынақ себепті болып, олар да Оның рұқсатымен болуда. Және әр нәрседе аятта айтылғандай «иншәә», яғни «Ол қаласа немесе рұқсат етсе» шарты бар. Бұл шарт бүкіл мақлұқатты, адамзат пен жындарды, тіпті Пайғамбарларды да қамтиды. Бұның бір мысалы Хазіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) өз өмірінде үмметке үлгі болсын деген мақсатпен былай көрініс тапқан:

Бір күні яхудилер құрайыш мүшріктеріне «Мұхаммедтен (с.ғ.с.) үш нәрсені сұраңдар, егер жауап берсе, хақ Пайғамбар болғаны. Бірінші, Асхәбул Кахф қиссасы. Екінші, Зул-Қарнайн қиссасы. Үшінші, Рух жайлы сұраңдар», – дейді. Мекке мүшіріктері Расулалладан (с.ғ.с.) сұрағанда: «Ертең жауап берем» дейді. Бірақ «ИншаАлла» деп айтпайды. «ИншаАлла» деп айтпағаны үшін бірнеше уақытқа дейін бір риуаятта қырық күнге дейін уахи келмейді, ұзақ күтуден кейін алғаш келген аятта:

 «Сен ешбір істі «Ертең соны сөзсіз істеймін» деме! «Егер Алла бұйырса» деген сөзді қосып айт. (Бұл сөзді) ұмытсаң, Раббыңды есіңе ал да: «Раббымның мені туралыққа, ең жақынырақ жолға салуын үміт етемін» деп айт!»4. делінеді.

Демек, бұл аятта да істердің Алланың қалауынсыз болмайтындығы баяндалады.

Сондықтан да, өміріміздегі болып жатқан әрбір істер Алланың қалауымен болып жатқандығы және болмай жатқан әрбір істің Алланың қалауынсыз екендігіне кәміл сенуіміз міндетті.

Жомарт Анарбеков

«Ар-Рахман» мешітінің найб имамы

  1. Хаж сүресі, 14-аят,
  2. Бақара сүресі, 117-аят,
  3. Әли-Имран сүресі, 26-аят,
  4. Кәһф сүресі, 23-24-аяттар.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.