Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қиыншылықтан құтылудың жолы

0 525

Абдуллаһ бин Аббастан (р.а.) риуаят етілген хадисте Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) былай деген: «Кімде-кім үнемі кешірім сұрар болса, Аллаһ Тағала оған әрбір қиыншылықтан құтылатын жол әрі әр түрлі қайғы-мұңнан құтылатын жақсылық нәсіп етеді» (Әбу Дәуіт, Уитр; ибн Мәжә, Әдеп 37).Хадиске түсініктеме:
Бұл дүние мұсылман үшін сыналатын жер болып есептеледі. Әрбір мұсылман міндетті түрде қиыншылықтармен қоса сыналады. Бұл жайлы Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.): «Дүниенің қызыққа толы екендігі күмәнсіз. Алла адам баласын жер бетінде халифа болсын деп жаратқан. Ол сендердің не істейтіндеріңе қарайды. Олай болса дүниеде сақтанып жүріңдер…» деген. Ал Құранда: «Ол сондай Алла, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан» (Мүлік сүресі 2-аят).

Мұсылман көбінесе қолындағысына шүкір етумен, қиыншылық пен қайғыға сабыр етумен сыналады. Мұны Құранда былайша баяндайды: «Кім Аллаға көркем қарыз берсе, (Алла жолында ықыласпен мал жұмсаса) сонда Аллаһ ол үшін көптеген есе арттырып береді. Алла тарылтады да кеңітеді. Әрі ол жаққа қайтарыласыңдар» (Бақара сүресі 245-аят).

Адамзат баласының қиыншылықтан арылу жолын Хазіреті Пайғамбардан (с.а.у.) бастап барша ғалымдар Алладан кешірім сұрау екендігін айтқан. Мәселен Хасан Басриге бір кісі келіп мен ашпын деп шағымданыпты, енді біреуі келіп, кедеймін, ал тағы біреуі сәби көргім келеді депті. Шағымданып келгендердің барлығына Алладан кешірім сұраңдар деп өсиет айтыпты. Heгe сен барлығына бұлай жауап бердің. Олардың дерттері бірдей емес қой? – деп сұрағандарға ол мына аятты оқыпты: «Әрі өздеріңді малдар, балалармен қамдайды. Және сендер үшін бау-бақшалар жасап, өзендер ағызады. Алланың ұлықтығын ойламайтын сендерге не болды?» (Нұх сүресі 12-13 аяттар).

Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) хадистерінің бірінде күн сайын жетпістен көп кешірім сұрап Аллаһқа жалбарынатынын айтқан. Тағы бір хадисінде кешірім сұраудың маңыздылығын былайша жеткізеді: «Шынымды айтсам кейде жүрегімді ғапылдық жайлайды. Бірақ мен күнде Аллаға жүз рет тәубе етіп кешірім сұраймын». Бұл хадисті ислам ғұламалары әр түрлі жорамалдайды. Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) Алладан бір сәт ұзақ болуды үлкен ағаттық деп санап, сол үшін кешірім сұраған дейді. Енді біреулері үмбетінің жағдайын ойлағандығы деп түсіндіреді. Яғни, өзінен кейінгі үмбетінің халіне жаны ашып, олар үшін кешірім сұраған. Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) пайғамбар бола тұра күн сайын жетпістен көп кешірім сұраған болса, қарапайым адамның күн сайын қанша рет кешірім сұрау керектігін өзіңіз ойлап көріңіз. Көбірек кешірім сұрау дүниедегі қиыншылықтан құтқарып қана қоймай, ақыретте мәңгі бақытқа жеткізетінін де естен шығармаған дұрыс.

Хазіреті Али (р.а.): «Алла кімге кешірім сұрауды нәсіп етер болса, оны тозаққа тастамайды» деген. Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.): «Амал дәптерінде кешірім көп сұраған құлға сүйінші» деп мұндай амалды әдетке айналдырғандардың ақыретте молшылыққа кенелетінін білдірген.

материал «Әйелдер тұрғысында 40 хадис» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.