Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Уақыт алдында мұсылманның міндеті

0 2  657

Алла құзырында біз әр нәрсе үшін сұраламыз, киген киімізге, ішкен, жеген ас-суымызға, жұтқан ауамызға, денсаулығымызға, алған білімімізді қайда жұмсағанымызға тағысын тағы таусылмайтын жауапкершіліктер мен міндеттемелер. Солардың ішінде ең маңыздысы әрі ең ауыры – уақыт хақында сұралуымыз. Уақыт сұрағы ауыр, жауапкершілігі зор, нығметтердің бірі. Уақыт бізден нені талап етеді?

1. Амалдарды іріктеу:

Уақытқа қатысты мұсылманның міндеті – саналуан діни, дүниелік істерінің ішінде іріктеп маңыздыны маңызды еместен, маңыздырақты маңыздыдан ажырата білуі. Міндетті түрде ең маңыздысынан бастауың қажет. Ол істі толық аяқтамайынша келесі іске көшу сізге тиісті нәтиже бермейді.

 Сол секілді адам бір істі бастарда бұл ісінің ол үшін рухани, дүниелік пайдасы бар ма? жоқ па? деген сұрақтарды қоюы тиіс. Қазіргі уақытта адамдардың көп уақыты өзіне еш пайда әкелмейтін істермен өтіп жатыр. Мысалы: Белгілі бір спортшының бір жылда қарсылас командасына неше доп салғаны, қай командаларға салғаны, ойын барысына бұл қаншалықты әсер еткені, оның күнделікті өмірде киген киімі көбірек толғандырады, сол жайында ғаламтор беттерінде іздеп біраз уақытын кетіреді. Сізге сол қажет пе? Ия, әрине егер сізге бұл мәліметтер шабыт беріп сол секілді болуға ұмтылсаңыз басқа мәселе.

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде:

مِنْ حُسْنِ إِسْلَامِ الْمَرْءِ تَرْكُهُ مَا لَا يَعْنِيهِ

«Көркем мұсылманның белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы»[1], – деді.

Шынайы тақуа мұсылман өзіне пайдасыз болған істі тәрк етеді. Бұл оның имандылығының кәміл екенінің белгісі. Әбу Дәуіт әс-Сажастани деген ғалым адамның өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы оның иманының үштен бірі деген.

Әбу Бәкір ибн Дәсә: «Әбу Дәуіттен мына сөзді естідім: (Пайғамбарымыздан (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бес жүз мың хадис жаздым, соның ішінен «Сунан» кітабыма төрт мың хадисті іріктедім. Сол төрт мыңның ішінде сегіз жүзі сахих хадис, соның ішінде адам баласы үшін төрт хадис жеткілікті олар: «Бірінші – «Шын мәнінде амалдар ниетке байланысты», екінші – «Адамның дінінің кәміл болғаны өзіне қатысы жоқ нәрсені тастағаны», үшінші – «Мұсылман толық мұсылман болмайды, егер өзіне қалағанды бауырына қаламайынша», төртінші – «Халал анық, харам анық» хадистері[2], – деген.

2. Бос уақытты тиімді қолдану;

Бос уақыт Алланың бізге берген ұлы нығметі. Алайда адам баласы бұл нығметтің қадірін толық түсініп, тиісінше қолдана алмауда. Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде:

نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ: الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ

Абдулла ибн Аббас, Пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді: «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт» [3], – деген.

Осы уақытта көп адамдар қателік жасап сол берілген уақытты тиісінше пайдалана алмай харам істерге жұмсап орны толмас өкінішке душар болуда. Мұсылман үшін бос уақыт мүлдем болмауы тиіс. Тіпті адам тәндік, рухани істерден жалығып, үнсіз дем алып отырғанда да уақытын босқа кетірмей жақсы ойлар ойлауы тиіс, немесе алға қойған жоспарының шешімін ойластыру қажет. Қоғамдық көліктерде, кезекте, жол кептелісінде тұрғанның өзінде ретін тауып сол бір уақыттарды пайдаға асырып қал. Тіпті мешітте парыз намазды күтіп отырсаң да зікір жасап, құран, және басқа да пайдалы діни кітаптар оқу арқылы уақыт саңылауын шайтан үшін пайдалануына жол берме.

Көпшілік адамдар босай қалса пайдасыз әңгіме-дүкенге, енді біреулер, сағаттап телесериалдар көреді, біреулер телефон арқылы ғаламтор беттерін парақтайды, біреулер түнгі клубтарды жағаласа, енді береулер ащы суға құнығу үшін серіктестер іздейді. Сол себепті иманы әлсіз, рухы төмен адамдар үшін бос уақыт барлық жаманшылықтың бастауы.

3. Өзіңе есеп бер;

Ерте ме? Кеш пе? Адам міндетті түрде өзіне есеп беруі тиіс. Жаңа жылға қадам басарда өзіңізге мынандай сұрақ қойыңыз: жылды қалай өткіздім? Пайдалы ма? Әлде пайдасыз ба? Алға қойған мақсаттарымның қаншасы орындалды? Тұлға ретінде өстім бе? Өспедім бе? Жаман әдеттерімнен арылдым ба? Осы және басқа сұрақтар қою арқылы адам өзінің қаншалықты дамығанын біле алады.

Айлық есепке келер болсақ, өткен айда қанша бет кітап оқыдым, неше мәрте қонақ шақырдым, жалпы жанұямның қажеттілігіне қанша шығын кетті? Олармен неше мәрте табиғат аясында серуендеуге шықтым? т.б сұрақтартар қою арқылы бір айлық істеріңді түйінде.

Күнделікті өзіне есеп бере алған адам ғана бағыт-бағдарын дұрыстай алады. Ондай адамның кешегісінен бүгіні жақсы.

Әр күніңе есеп беруің жүріс-тұрысыңа жаңаша қарауыңа, тиісінше бағалауыңа жол ашады. Бұл ілгерідегі салихалылар мен тақуалардың салып кеткен сара жолы. Осы орайда Омардың мына сөзін келтіргенді жөн көрдім:

حاسِبُوا أَنْفُسَكُمْ قَبْلَ أَنْ تُحاسَبُوا

«Есепке түспей тұрып өздеріңе есеп беріңдер», – дейді. Яғни, адам өзінің амалдарына сырттай бір сәт көз жүгіртіп мынандай ойға келу керек: «Егер бір сәт тап бүгін Алланың алдында есепке түссем жағдайым қалай болар еді». Кеше ғана қасыңда күліп-ойнап жүрген кейбір достарың, жақындарың үшін есеп баяғыда-ақ басталып кеткен.

Осы орайда бір жайт есіме түсіп отыр биыл қысқа мерзімге «Нұр Астана» медресе шәкірттеріне араб тілінен сабақ беретін болып шештім. Бірінші күні сабақ беруге келгенімде кіре беріс есікте тұрған қысқаша жазу еріксіз назарымды аударды. Ол жазу «Сен бүгін Алла разылығы үшін не істедің?» – деген жазу еді. Шынымен өткен-кеткен адамды ойландырады. Мұндай жазулар әр мұсылманның үйінің есігінде жазулы болу керек-ау, өйткені мұсылманның әр күні Раббысына жақындататын амалдарды жасаумен өтуі тиіс.

4. Жоғары мақсаттар қою;

Адам алдына әрдайым жоғары мақсаттар қоя білуі тиіс. Алдына жоғары мақсаттар қоя білген адам уақытына да бекем болады. ХІХ ғасырда өмір сүрген американдық философ Джон Дьюи «Мақсатты тек азат, ерікті адам қоя біледі, құл мақсат қоя алмайды», – деген екен.

Демек, ерікті тұлға мен еркі жоқ адамның айырмашылығы да олардың мақсаттарында жатыр. Сол себепті де құл өз әрекеттерінің мәнді болуына еш мүдделі емес, өз жұмысының нәтижесі де оны қызықтыра қоймайды. Оған бәрібір: іс атқарылып жатыр ма, жоқ па?! Құлға ең бастысы – уақыт өтсе болғаны. Қазіргі кезде көп адам осы құлдық сана-сезімнен арыла алмай жүр.Берілген уақытты пайдаға асыруға емес, керісінше жылдам өткізіп, сол уақытқа бөлінген напақасын алуға көбірек мүдделі.

 Әрине мақсатты қойған кезде ақылға сыйымсыз қияли мақсаттар қойылмайды. Мақсат амалмен сабақтасып отыруы тиіс. Мысалы әскерге отан алдында борышын өтеуге аттанған жас жігіт генерал болуды армандағанынан еш айыбы жоқ. Мүмкін ол генерал болмауы мүмкін бірақ талпыныс пен күш жігердің нәтижесінде полковник шеніне дейін көтерілуі мүмкін. Бұл да жаман көрсеткіш емес.

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде мұсылмандарға ең жоғарғы мақсаттарға ұмтылуды үндейді. Атақты хадис шәрифте:

«Жәннатта жүз дәреже бар. Ол дәрежелердің бірі мен екіншісінің арасы жер мен көк арасының ұзақтығындай. Фирдаус жәннаты – олардың ең үстіңгі қабатында. Жәннаттың төрт өзені осы жерден шығады. Оның үстінде Аршы бар. Алладан жәннат сұрасаңдар, осы Фирдаусты сұраңдар»[4], – дейді.

Әрбір мұсылман адам жәннатқа кіруді қалайды. Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннатты сұрасаңдар жәннаттың төрінен Фирдаусты сұраңдар», – деуі мұсылман әрдайым өзінің алдына жоғары мақсаттарды қоя біледі деген сөз.

5. Жақсы жолдас табу;

Әр адам дүниеге келгеннен кейін, ес білгеннен-ақ жан дүниесіндегі сырын, мұң-шерін тарқатып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін дос іздейді. Досына қарап адамның өзін тануға болады. «Досы жақсының – өзі жақсы» демекші ислам дінінде де жақсылармен бірге болуды үндейді.

Алла Тағала Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ

 «Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар»[5], – дейді.

Қысқаша түсіндірме: Уа иман келтіргендер! әрбір әрекеттеріңе, сөздеріңе абай болыңдар, сонымен қатар шыншылдармен тура жолдағылармен бірге болыңдар. Ол адамдардың белгісі – діндерінде, ниеттерінде, сөздері мен амалдарында шыншыл болғандар.

 Жаманмен жолдас болғандар жайында:

 يا وَيْلَتَىٰ لَيْتَنِي لَمْ أَتَّخِذْ فُلَانًا خَلِيلًا 28 لَّقَدْ أَضَلَّنِي عَنِ الذِّكْرِ بَعْدَ إِذْ جَاءَنِي ۗ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِلْإِنسَانِ خَذُولًا

«Қап, әттеген-ай! Пәленшені дос тұтпағанымда ғой. Ол маған жеткен зікірден (Құраннан) мені алыстатты. Ал Шайтан сөз жоқ адам баласын азғырушы»[6], – деп қатты өкінеді екен.

Қысқаша түсіндірме: Қияметте кейбір кісілер «пәленшені өмірлік дос етпегінімде, осындай ұлы қасіретке, бұндай адасуға ұшырамас едім» деп өкінеді. Имам Қуртуби: «Бұл жерде пәленше деп келген аяттағы адам Убай ибн Халафқа қатысты айтылған. Аятта атын әшкере қылмай осы тектегі адамдарға да қатысты баяндалған. Бұл жерде адамның өкініші сипатталған. Оған тура жол, иман, Құран жеткеннен кейін иманға келіп, кейін шайтанның адастыруымен тура жолдан тайғанын суреттейді. Алайда шайтанның кейпіндегі сол адамдар қиямет күні өзінің досы қиындыққа тап болғанда достығынан бас тартып, оған жәрдемші бола алмайды», – деген.

Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Жаман дос пен жақсы достың мысалы әтір сатушымен от үрлеушінің мысалындай. Әтір сатушыға келер болсақ, не ол саған сыйлық жасайды, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, не одан шыққан хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұстаға келер болсақ, не ол сенің киіміңді күйдіреді, не одан шыққан сасық иісті сезесің» [7].

Пенденің жақсы жолдастан табатын игілігі мисктің жұпарынан әлдеқайда артық. Өйткені ол уақытын зая кетірмей тек пайдалы істерге жұмсайды дініне және дүние тіршілігіне пайдасы тиетін нәрсені үйретеді, адал кеңес береді, пайдасыз істерден сақтайды, Аллаға бойұсынуға, ата-анаға жақсылық жасауға, туыстарымен ара-қатынасты үзбеуге үндейді, кемшіліктеріңді көрсетіп, түзетеді, сөйтіп сөзімен, ісімен не жүріс-тұрысымен көркем мінез-құлықтарға үгіттейді. Адам баласы жолдасынан және сұхбаттастарынан үлгі-өнеге алуға бейім келеді, олардың табиғаттары мен жандүниелері біріккен жасақ тәрізді, бір-бірін жақсылыққа не жамандыққа бастайды.

Имам Нәуәуи: «Бұл хадисте тақуа, құрметке лайықты адамдардың және жақсы мінез-құлық пен білім иелерінің арасында болудың артықшылығы айтылған. Сонымен қатар бидғатшы, ғайбат айтатын, көргенсіздігімен танымал болған адамдар мен жағымсыз қасиетке ие болған жаман адамдардың арасында болуға тыйым салынған» [8].

Қазақтың дәстүрлі әдептілік ұстанымында дос таңдауға үлкен көңіл бөлінеді. «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады», «Досы жақсының, өзі де жақсы», «Жақсыменен өткізген жарты сағат! Жаманның өтіп кеткен өміріндей» деген халық нақылдары тектен-тек айтылмаса керек.

Сен үшін жақсы жолдастың сипаттары:

– Қызығушылықтарың ортақ; Екеуара қызығушылықтары бір ағысқа тоғысады. Ол сенімен мәдени-спорттық, қоғамдық істерде, діни мәселеде ортақ көзқараста болуы мүмкін.

– Қателіктеріңді кешіреді, түсінуге тырысады; Адам баласы болғаннан кейін шалыс басып, өмірде қателесуі мүмкін. Жақсы дос мұндай кезде ат тонын ала қашпай сені түсінуге тырысады және сен жайында тек жақсы ойлайды, қателігіңді бетіңе баспайды.

– Қиындықта сыналады; Басыңа бұлт төнген кезде қасыңнан табылады, бірінші болып көмек беруге тырысады. Ол жасаған көмегін міндетсінбейді.

– Әрдайым сені ойлайды; әр кез сенімен хабарласып, сенің жағдайыңды біліп отырады.

– Сенің кемшіліктеріңді айтып, әрдайым саған ақылшы болады; Сенің күнәға батуыңа, біреуге жамандық жасауыңа жол бермейді.

– Сені жақсылыққа шақырушы; Әрдайым сені Алланың дініне үгіттейді. Алланың әмір еткен парыздарын орындауға шақырады.

– Сенің сөзіңді мұқият тыңдаушы; Сенің әр сөзің ол үшін маңызды. Айтқан сөздеріңді жүре тыңдамайды.

– Сен жоқта басқалардың сен жайында жаман сөз айтуына жол бермейді.

– Саған ешуақытты жалған айтпайды; Жалған сөз – достық байланыстың түбіне балта шабатын негізгі жауы.

– Ерекше сабырлы; Бір дос екінші досына қатты сөздер айтса, екіншісі сабырлық қылып, кикілжіңнен алыс болады.

– Уақытыңның пайдасыз босқа кеткеніне жол бермейді;

Достық жайында ізгілердің сөздері:

Омар ибн әл-Хаттаб: «Иман нығметінен кейінгі ең ұлы нығмет – шыншыл дос табу, кімде-кім сондай дос тапса, ажырамасын».

Имам әш-Шәфиғи: «Сенің иман жолында досың болса, оған мықтап жармас, өйткені ондай жолдас табу қиын, жоғалтуың оңай».

Хасан әл-Басри: «Дін жолындағы бауырларым мен үшін жанұямнан, бала-шағамнан артық, өйткені жанұя бізді дүние тіршілігіне көбірек тартады, ал діндегі бауырларым ақырет амалдарына шақырады».

Лұқман хәкім баласына былай деп өсиет айтқан: «Балақайым иман нығметінен кейінгі ең ұлы амал – шыншыл дос табу. Шыншыл дос бір үлкен жеміс ағашы секілді, отырсаң саған көлеңке, жемісі сен үшін тағам, еш пайда бермегеннің өзінде саған ешқашан зиян тигізбейді».

6. Амалдарды түрлендіру;

Адамның нәпсісі жалығуға бейім келеді, күнделікті бір істің қайталана беруі адамның ол істен бетін қайтаруы мүмкін. Істердің түрленуі адамды жаңа деммен іске кірісуге жол ашады. Ислам дінінде Алланың разылығына апаратын амалдар саналуан. Олар рухани амалдар және тәндік амалдар деп екіге бөлуге болады. Рухани амалдарымыз намаз оқу, садақа беру, ораза ұстау, Құран оқу, ілім іздену т.б амалдар. Бір сөзбен адамның рухын байытатын амалдар тізбегі.

Сонымен қатар тәннің қалауын да беруіміз керек. Олар жанұямен уақыт өткізу, спортпен шұғылдану, саяхаттау, сүйікті іспен айналысу (хобби) адал табыс табу т.б амалдар. Бұл екеуіне де адам баласы мұқтаж. Кез келген рухани амалды түрлендіруге болады. Құран оқыған адам бірінші жолы тек Құранның өзін оқыса, келесіде мағыналарына, одан кейін түсу себептеріне, сүрелер атауларына, олардың аят санына, ретіне мән беруіп жеке-жеке зерттеуіне болады. Ал жалпы күнделікті ісінде өзінің рухани, тәндік қажеттіліктерін құстың екі қанатындай бірдей ұстаған абзал.

Мысалы алғанда күнделікті күйбең жұмыстан кейін жанұямен серуендеп жақын орналасқан мешітке кешкі намаздарға барса, сіз тәніңіздің де рухыңыздың да қажеттілігін бергеніңіз. Әр айда жалақы алғаннан кейін сол жалақыңыздың көрінісі ретінде жанұяңызға бір қажетті зат алсаңыз жұмыс істеу барысында сізге қосымша стимул берер еді. Мұсылманның өмірі бір сарынды болмау керек, әрдайым өмірінде жаңа көкжиектерді таба білуі тиіс.

7. Өткен уақыттың қайтып келмейтініне көзі жету;

Жылдар сырғып өтеді, айлар, апталар, күндер бірінің артынан бірі өтеді, кетеді. Өмірдегі «әттең-ай» деп өкінетін шақтарыңды қайта артқа айналдырып, өзгерте алмайсың. Осы орайда атақты табиғин Хасан Басридың мынандай сөзі бар: «Әр өткен күн адам баласына былай айтады екен: «Ей адам баласы, мен жаңа күнмін, сенің амалдарыңа куәлік етудемін, егер өтіп кете барсам мен қайтып оралмаймын», – дейді.

Енді бір сөзінде Хасан Басри былай деген екен:

يَا ابْنَ آدَمِ، إِنَّما أَنْتَ أَيَّامٌ، إِذا ذَهَبَ يَوْمٌ ذَهَبَ بَعْضُكَ

«Ей адам баласы, шынында сенің ғұмырың белгілі күндермен шектеулі, егер бір күнің өтсе бір бөлігіңді жоғалтқаның».

Тағы бір сөзінде:

يَا ابْنَ آدَمِ، نَهارُكَ ضَيْفُكَ فَأَحْسِنْ إِلَيْهِ، فَإِنَّكَ إِنْ أَحْسَنْتَ إِلَيْهِ اِرْتَحَلَ بِحَمْدِكَ، وَإِنْ أَسَأْتَ إِلَيْهِ اِرْتَحَلَ بِذَمِّكَ، وَكَذَلِكَ لَيْلَتُكَ”

«Ей, адам баласы! Күндізің сенің қонағың, онымен жақсы мәміледе бол, егер оны жақсы шығарып салсаң, ол саған мақтау айтып кете барады, егер күніңді пайдаға асырмасаң ол саған жамандық тілеп кетеді, түнің де дәл солай жасайды», – деген.

Енді бір сөзінде:

الدُّنيا ثَلَاثَةُ أَيَّامٍ: أَمَّا اْلأَمْسُ فَقَدْ ذَهَبَ بِمَا فِيهِ، وَأَمَّا غدًا فَلَعَلّك لَا تُدْرِكُهُ، وَأَّمَّا الْيَوْمُ فَلَكَ فَاعْمَلْ فِيهِ

«Дүние үш күннен тұрады: Кеше болса ол өте шығып кете барды, ертеңгі күнің сен үшін беймәлім, сол себепті бүгін амал ет».

Сөзімізді қорытындылай келе атақты сахаба Ибн Масғуттың сөзімен аяқтағым келеді:

ما نَدِمْتُ عَلَى شَيْءٍ نَدْمِي عَلَى يَوْمٍ غَرَبَتْ شَمْسُهُ، نَقَصَ فِيهِ أَجَلِي، وَلَمْ يَزْدَدْ فِيهِ عَمَلِي

«Өкініштердің ішінде ең қатты өкініш мен үшін салихалы амалдар жасалмай, ажалға бір қадам жақындап батқан күнім», – деген екен.

Уақыттың қадірін білу – ол ертеңгі күнге дайындық. Ертеңге дайындығы бар адамның ақыреттік дүниелік істері жүйелі болады. Алла біздерді солардан етсін!

Төмендегі сұрақтарға шынайы түрде жауап беріңізші!

1.Сіз үшін маңызды амалдар қандай амалдар?

2.Өміріңіздегі бос уақыттардың саңылауын толтыра алдыңыз ба?

3.Әр жылдың соңында, айдың аяғында, күн батқанда өзіңізге есеп бересіз бе?

4.Уақытыңыз пайдасыз өтсе өзіңізге қандай шаралар қолданасыз?

5.Өмірдегі армандарыңыз орындалуға қандай қадамдар жасадыңыз?

6.Жақсы жолдас сіз үшін қандай адам болуы тиіс?

7.Жолдастарыңыз уақыттарын рәсуә еткендерден бе? Әлде ұқыпты пайдаланатындардан ба?

8.Өміріңіз бір сарынды ма? Әлде бір күнің екінші күнге ұқсамай ма?

9.Сіздің ойыңызша уақыт алдындағы міндетіңіз қандай?

10.Рухани және тәндік амалдарды қатар ұстай алдыңыз ба?

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] Тирмизи хадистер жинағы

[2] Әбу Дәуіттің «Сунан» кітабының кіріспесінде

[3] Имам әл-Бұхаридың хадис жинағы

[4] Бұхари хадистер жинағы

[5] «Тәубә» сүресі, 119 аят

[6] «Фурқан» сүресі, 28-29 аяттар.

[7] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[8] Шарх Сахих Муслим 5/484

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.