Бүгін «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұйымдастыруымен балаларға арналған ерекше шара өткізілді.
«Өмірдің бір қызығы – бала деген» тақырыбымен «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында және Тәуелсіздік күні мерекесі құрметіне орай өткізілген шара бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын қуантты.
Атап айтқанда, қаламыздағы көп балалы отбасынан шыққан балаларға түрлі ойыншықтар мен шаналар және олардың аналарына жылы күртешелер тарту етілді.
Шара барысында мешіттің бас имамы Руслан Нақыпбекұлы келген ата-аналарға баланың Ислам дініндегі орны мен құндылығы туралы, бала тәрбиесінің асыл дініміздегі көріністері жайлы көркем насихат айтты.
«Қуантқың келсе – баланы қуант, берсең балаға бер! Олар бергеніңді шарықтаған шаттықпен, шынайы ниетпен қабылдап, аз нәрсеге қанағатпен қарап, нағыз риясыз қуана алатын жандар – солар» деген ұлағатты сөзді назарға алған мешіт ұжымы балаларды одан әрі ойын-сауық орталығына апарды. Ойын-сауық алаңында балалар алаңсыз асыр салып ойнады, балалардың құрметіне арнайы әзірленген дәмді түскі ас дастарханынан дәм татты. Жүздері бал-бұл жанған әрбір бүлдіршінге мешіт ұжымы мерекенің жалғасы ретінде сыйлықтар мен тәттілер ұсынды.
Осылайша, баланың да, ананың да көңілін көтеріп, керемет қуаныш, жылулық сыйлаған мешіт ұжымына, демеуші азаматтарға келген отбасылар өз ризашылықтарын білдірді.
sunna.kz