Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ақмола облысында карантин күшейтіледі

0 1  467

4 қараша. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Ақмола облысында коронавирус таралуының алдын алу мақсатында 7 қарашадан бастап шектеу шаралары күшейтіледі, – деп хабарлайды Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасаған Sunna.kz тілшісі.

Ақмола облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2020 жылғы 3 қарашадағы №136 қаулысына сәйкес өңірде эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты қосымша карантин шектеулері енгізіледі.

Облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Айнагүл Мусинаның айтуынша, соңғы екі аптада науқастар саны Ақмола облысы бойынша 2,2 есеге және Көкшетау қаласы бойынша 3,5 есе өскен.

Осыған байланысты облыстың елді мекендерінің аумағында 21:00-ден 6:00-ге дейінгі уақытта тұрғындардың жүріп-тұруына шектеу енгізіледі.

Музейлердің, кітапханалардың, театрлардың, кинотеатрлардың, діни нысандардың қызметі тоқтатылады.

Азық-түлік дүкендерінің, қоғамдық тамақтану нысандарының, такси және қоғамдық көлік қызметтерінің жұмыс режиміне шектеулер енгізіледі.

Сұлулық салондары, шаштараздар, спа-орталықтар, косметологиялық қызмет көрсететін нысандар, фитнес-орталықтар, тренажер залдары, Спорттық-сауықтыру орталықтары, бассейндер санитариялық нормаларды сақтай отырып, алдын ала жазылу бойынша сағат 8.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Жексенбі күндері олардың жұмысы тоқтатылады.

Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша, Ақмола облысында коронавирус жұқтырғандар саны 3805-ке жеткен. Оның 1659-ы симптомсыз. 77 адам қайтыс болған. Ал Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 113 741-ге жетті.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.