5 ақпан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы киелі Түркістан облысына ресми сапармен барды, деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sunna.kz тілшісі.
Сапар барысында Бас мүфти Отырар ауданы Шәуілдір елдімекеніндегі «Есен ана» мешітінде жұма намазын жүргізді. Жұма намазға ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлы қатысты.
Жамағатқа насихат айтқан Наурызбай қажы Тағанұлы:
«Аллаға сансыз шүкірлер болсын! Бүгін бір жылға жуық асыға күткен жұма намазын оқуға мүмкіндік алдық. Қауіпсіз «жасыл аймақта» орналасқан мешіттерімізде жұма намазын оқуға рұқсат берілді. Мінеки, сіздердің дұғаларыңыздың арқасында, ортақ пәтуаға бағынған бірлігіміздің нәтижесінде осындай оң шешімнің қабылдануына себепші болдық. Тәубә! Осы күнге жеткізген Жаратқанға мың тәубә!
Өздеріңіз жақсы білесіздер, бүгінде барша әлем жұқпалы індеттің зардабын әлі күнге дейін көріп келеді. Әрине, бәріміз жұма намазын сағындық. Алайда осындай жақсы сезім бір-бірімізге қиянат жасауға әкеп соқпауы керек.
Осы ретте сіздерді жұма намазы кезінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын. Әуелі өзімізді, содан кейін өзгені жұқпалы дерттен сақтайық. Алла Тағала тәртіпке бағынып, ұдайы жұма намазымызды оқуды нәсіп еткей. Раббымыз еліміздегі барлық мешіттің есігін жұма намазға толық ашуды нәсіп еткей! Ұрпағымызды салиқалы еткей. Аса рақымды Хақ Тағала жер бетінін жұқпалы індетті жойып, жақсы күндерде жүздесуді жазғай. Әмин», – деді.
Айта кетсек, бүгін «Есен ана» мешітіне келген жамағат дене қызуын тексеретін құрылғы арқылы құлшылық үйіне кірді. Жұма намазы санитарлық талаптарға сәйкес өткізілді. Имамдар күшейтілген режимде қызмет етті.