Дінімізде дұғаның орны айырықша. Халқымыз да «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деп дұғаның адам өміріндегі ерекше үлесі жайында баяндаған.
Асыл дінімізде дұғаның қабыл болатын сәттері де айтылған. Біз төменде дұға қабыл болатын сәттер туралы айтатын боламыз.
- Әрбір түннің соңғы үштен бір бөлігі. Яғни таң сәрі уақыты. Ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с.) Бұхари, Муслимде келген хадистердің бірінде «Біздің кемшіліктен пәк, әрі Ұлы Раббымыз әр түннің соңғы үштен бір бөлігі қалғанда дүние аспанына түседі. Сол кезде Алла: «Кім маған дұға қылса, Мен оған жауап беремін. Кім Менен сұраса, Мен оған беремін. Кім Менен кешірім сұраса, Мен оны кешіремін», – дейді», – деп сүйіншілейді.
- Парыз намаздарынан кейін. Тирмизи жеткізген бір хадисте «Бірде адамдардың бірі: «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Қай дұға тез қабыл болады?» деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Түннің соңғы бөлігі мен парыз намаздарының соңы», деп жауап береді».
- Жұма күнінінің бір сәті. Адамзаттың асылы Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) Әбу Һурайрадан Бұхари мен Муслим риуаят еткен хадистердің бірінде «Осы күні бір сәт бар. Егер мұсылман намаз оқып Алла тағаладан бір нәрсе сұрап жатқан кезде сол уақытқа тап келсе, Алла тағала оған сұрағанын береді», – деп айтады.
- Қасиетті Қадір түнінде. Қасиетті Рамазан айының әсіресе соңғы он күнінде, соның ішінде мың айдан да артық түн Қадір түнінде. Айша анамыз (р.а.); «Бір күні Алла елшісінен (с.ғ.с): «Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Егер мен Қадір түні екенін білсем, не айтуым керек?» деп сұрадым. Ол (с.ғ.с.): «Я, Алла! Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Ендеше мені кешіре гөр!» – деп айт», – деді», – деген.
- Ауызашар кезінде. Ибн Мәжәһ, Хакимдердің хадис жинағында келетін бір хадисте Алла Расулі (с.ғ.с.); «Ораза ұстаушының ауыз ашар алдындағы дұғасы қайтарылмайды» деп айтқан.
- Сәждеде. Әбу Һурайрадан (р.а.) Муслим жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.); «Пенденің Раббысына ең жақын болатын уақыты – сәждеде жатқан кезі. Ендеше дұғаны (осы кезде) көбейтіңдер», – дейді.
- Азан мен қамат арасында. Әнәс ибн Мәлик (р.а.) Әбу Дәуд, Тирмизилер кітабында жеткізген мына бір хадисте: «Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Азан мен қамат арасындағы дұға кері қайтарылмайды. Сол уақытта дұға қылыңдар», – деді», – деп баяндалады.
- Азан айтылып жатқанда.
- Күн жауып тұрғанда. «Екі дұға кері қайтарылмайды немесе аз қайтарылады: азан уақытындағы (намазға азан шақырылғанда) және жауын астындағы» (Хаким)
- Жүніс Пайғамбардың (а.с.) дұғасымен тілегенде. Сағдтан (р.а.) Тирмизи, Ахматтер хадис жинағында жеткізген Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Балық иесінің (Жүніс пайғамбардың) киттің ішінде жатып жасаған дұғасы: «Лә иләһә иллә әнтә субханәкә инни кунту миназ-залимин (Уа, Алла! Сенен өзге Құдай жоқ, Сен пәксің! Шынында мен залымдардан болдым)». Қайсыбір мұсылман адам осы дұғамен қажетін тілесе, Алла оның дұғасын қабыл етеді», – деп айтқан.
- 11. Мұсылман бауырына дұға жасағанда. Расулулла (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде «Мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы қабыл болады. Мұсылман бауыры үшін тілек айтқанда, періштелер: «Әумин, Алла саған да бауырың үшін сұрағаныңды берсін» дейтіні жайлы айтады (Муслим). Енді бір хадисте «Ең жылдам қабыл болатын дұға – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» екені баяндалады (Бұхари).
- Жәбірленгенде, зұлымдыққа ұшырағанда. Тирмизиде келетін бір хадисте Пайғамбарлар сұлтаны (с.ғ.с.) былай дейді: «Екі дұғаның Алламен арада бөгеті болмайды. Біріншісі – жәбір көрген адамның жасаған дұғасы. Екіншісі – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» .
- Ата-анаың балаларына дұғасы.
- Сапарда болған кезде. Әбу Һурайрадан (р.а.) Әбу Дәуд, Тирмизилер жеткізген хадисте Алланың ақырғы Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Үш дұғаның қабыл болатындығына күмән жоқ: жәбір көрушінің дұғасы, сапарға шыққаның дұғасы, ата-ананың баласы үшін жасаған дұғасы».
Бір ескере кететін жайт, дұға тек осы мезігілдерде ғана қабыл болып, басқа уақытта мүлде қабыл болмайды деген сөз емес. Кімні дұғасын қай жерде, қашан қабыл алатыны немесе қабыл етпейтіні Алланың қалауындағы іс. Бұл сәттер бізге хадистер арқылы жеткен уақыттардың бір парасы ғана.
Бұдан басқа да Құран Кәрімді хатым еткенде, балалары ата-анасы үшін дұға жасаған жағдайда қабыл болатыны жайлы да деректер бар. Сондықтан әрбір мұсылман дұғаны тастап қоймауымыз керек екен.
Әділ Агитаев
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы