Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚМДБ төрағасы Сауд Арабия елшісімен кездесті (ФОТО)

0 1  259

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Абдулазиз Абдулла әл-Даудпен кездесті.

Ресми кездесуде биылғы қажылық маусымы жайлы айтылып, САК Қажылық және ұмра министрлігінің 12 маусымдағы мәлімдемесі әңгімеге арқау болды. Елші Сауд Арабиясы Корольдігінің пандемияға дейінгі он жыл ішінде 150 миллионнан астам қажыны қабылдағанын жеткізді. Алайда 2021 жылы қасиетті мекенге қажылыққа бару шетел азаматтары үшін індетке байланысты шектелді.

Еске сала кетейік, осыған дейін биылғы қажылық маусымына бірқатар шектеулер қойылып, САК Үкіметінің шешімімен тек Сауд Арабиясы Корольдігінің тұрғындары және сол елде ықтияр хатпен өмір сүріп жатқан шетел азаматтарын қосқанда барлығы 60 000 адам ғана қасиетті Қағбаны тауап етуге мүмкіндік алғаны хабарланған болатын.

Елші Абдулазиз Абдулла әл-Дауд САК Үкіметінің қажылық маусымына қатысты шектеулеріне Қазақстан мұсылмандарының түсіністікпен қарауын сұрады. Себебі, қазіргі уақытта індеттің беті толығымен қайтқан жоқ, COVID-19 дертінің зерттелмеген жаңа мутациялық түрлері пайда болып, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруде.

Елші кездесу барысында Бас мүфтиге Қажылық және ұмра министрлігінің 2021 жылы өзге шетел азаматтарына қажылық жасауға шектеу қою жөніндегі мәлімдемесін өз қолымен табыстап, індеттің беті қайтса, қасиетті Мекке жері әлем мұсылмандарын қабылдауға әзір екенін айтты.

Екі тарап САК Үкіметінің қажылық маусымына қатысты шешімдерін Қазақстан мұсылмандарына жеткізу бойынша уағдаласты.

muftyat.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.