Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Зүл-хиджа айының алғашқы он күні

0 875
Барша мұсылман асыға күткен қасиетті Зүл-хиджа айы басталды. Бұл ай төрт құрметті айдың бірі болып саналады.
Қасиетті Құранда Алла Тағала былай дейді: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар». («Тәубә» сүресі, 36-аят).
Осы күндердің ұлылығын көрсету үшін Алла Тағала Қасиетті Құранда сол күндермен ант етеді. Алла Тағала былай дейді: «Құрбан айының алғашқы он кешіне серт!». («Фәжр» сүресі, 2-аят).
Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) бұл жерде он кеш деп, Зүл-хиджа айының алғашқы он түні жайында айтылғандығын жеткізген.
Сондай-ақ, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Зүл-хиджа айының (алғашқы) он күні жайында былай деген:

«Алла алдында Зүл-хиджа айының алғашқы он күнінде жасалған ізгі амалдардан асқан сүйікті амал жоқ». Хадисті әл-Бұхари жеткізген.

Ізгі амалдарға ғибадат жасау және садақа берумен қатар, нәпіл ораза ұстау да жатады.
Сол себепті, Зүл-хиджа айының алғашқы тоғыз күнінде ораза ұстаған абзал. Оныншы күні ораза ұстауға болмайды. Өйткені, ол күні – Құрбан айт мейрамы. Ол күні ораза тұтуға тыйым салынады.
Хунайд ибн Халидтің әйелі Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір әйелдерінің былай дегендерін жеткізген:

«Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ашура күні, Зүл-хиджа айында тоғыз күн, әр айда үш күн және де дүйсенбі мен бейсенбі күндері ораза ұстайтын». Әбу Дауд 2437, ән-Насаи 2372, 2417, Ахмад 6/288, Әл-Бәйхақи 285.

 

Әбу Саид әл-Худри (Алла оған разы болсын) риуаят еткен: Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жылдың екі күнінде – Ораза Айтта және Құрбан Айтта ораза ұстауға тыйым салған. Бұл хадисті Әл-Бұхари мен Муслим жеткізген.
Әсіресе, Зүл-хиджа айының тоғызыншы күні – Арапа күнгі оразаны ерекше атап өткіміз келеді. Әбу Қатада (Алла оған разы болсын) риуаят еткен. (Бірде) Алла елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Арапа күні ораза ұстау жайында сұралғанда, ол:

«(Сол күнгі ораза) өткен жылғы және келер жылғы күнәлардың өтемі болады», – деп жауап берген . Хадисті имам Муслим жеткізген.

Осылайша, Алла Тағала Арапа күні бір күн ораза тұтқан адамның екі жыл ішінде жасаған күнәларын кешіреді екен. Сондықтан, Алла Тағаланың кешіріміне бөлену мүмкіндігінен айрылып қалмай, осы берекелі күндері бар ынтамызбен құлшылық жасайық.
Алла Тағала жасаған құлшылықтарымызды қабыл еткей. Әмин.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.