Халық ауыз әдебиетінің бір тармағын құрайтын мақал-мәтелдердің кейбіреуі әрі тілдік жағынан, әрі мағына жағынан хадис мәтіндерімен бірдей. Мұндай мақал-мәтелдердің халық жадына сіңіп, қанатты сөзге айналған хадистер екенінде күмән жоқ. Мысалы, Алла Елшісі (с.ғ.с.):
«Әр дерттің дауасы бар. Дерттің дауасы табылып қолданылғанда Алла Тағаланың рұқсатымен (көмегімен) ауру адам жазылады», (Муслим, Сәлем, 69), – деп мәлімдеген. Міне, осы хадистің бірінші сөйлемі қысқа әрі нұсқа түрде халқымыздың тілінде «Әр дерттің дауасы бар» деген мақалға айналған. Әрі мақалдағы «дауа» деген арапша сөздің сол күйінше алынуы, бұл мақалдың халық арасында қанатты сөзге айналған хадис екенін көрсетеді.
Дерттің алдын алу тазалықпен байланысты. Ислам діні тазалыққа қатты мән берген бірден-бір дін. Себебі адам баласының таза болуы – оның денсаулығы, жүзінің шырайлылығы, тұла бойының сәнділігі, айналасындағыларға тартымды да сүйкімділігі деген сөз. Ал ішкі жан дүниеге тән тазалық – ақ жүрек, адал ниет, пәк көңіл мен кіршіксіз ой дегенді білдіреді.
Мұсылман үшін ең маңызды нәрсе иман болатын болса, тазалықты жаны сүйген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Тазалық – иманның жартысы» (Муслим, Таһара, 1), – деп, иманды құлды жан тазалығы мен тән тазалығына шақырған. Мұсылман қазақ Алла Елшісінің (с.ғ.с.) тәліміміне мойынсұнып, тұрмыс-тіршілігінде тазалыққа ерекше мән берген. Осыдан ауыз әдебиетімізде «Тазалық – иманның жартысы» деген мақал пайда болған.
Иманды ердің тағы бір ерекшелігі – ар-ұятын сақтай білуі. Хақ елшісі (с.ғ.с.) ол жайын-да былай дейді:
«Ұят – иманнан» (Бухари, Иман, 16; Муслим, Иман, 57-59.). Арапша айтылған хадистің мәтінін халқымыз «Ұят – иманның қабы» деп мақалға айналдырған.
Мұсылман адам иманының арқасында жаманшылыққа жуымай, ешкімге қиянат жасамай, күнәлардан бойын аулақ ұстайды. Ізгілікке талпынып, ар-ұятын сақтайды. Мұның бәрі Алла Тағаланы жаратушы ием деп, Ол барлық жерде, әрбір сәтте мені көріп, не істеп жатқанымды біліп тұрады деген сенімінен туындаған. Мұсылман құл арғы дүниеде әрбір ісінің есебін беретінін біліп, соған қарай әрекет етеді. Мұндай адамды халқымыз «иман жүзді» деп, оған үнемі сеніммен қараған. Ал ар-ұяттан ада, азғын, ождансыз адамды имансыз деп қарап, Дулат ақын:
Құдай жақсы көре ме,
Шариғатты бұзған соң,
Имансызға бейіш жоқ, – десе, Ақмолла ақын әдепсіздікті имансыздыққа теңеп:
Күпірлік әдептіде тұрмағандай,
Әдепсізде иман тұру ғажап деген,- дейді. Халқымыз осы орайда Пайғамбарлар Сұлтанының (с.ғ.с.) «Алладан қорықпағаннан корық» (Кәшфул-хафа, II т., 276-б), – деген даналық ескертуін ойына түйіп, өскелең ұрпаққа мақал ретінде қалдырған.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тек қана дін мәселесінде емес, өмірдің әр саласында үмбетіне үлгі-өнеге болған. Мысалы, әлеуметтік салаға қатысты Хақ Елшісі (с.ғ.с.) бір өсиетінде былай дейді:
«Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап» (Әбу Абдуллаһ Мухаммед Кизаи, Муснәдуш-Шихаб, I т., 412-б,). Халқымыз осы хадисті нақылға айналдырып:
«Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй салмас бұрын көршіңді ойла» – деген.
Халқымыз мұсылмандықты қабылдағаннан кейін діни ұғымдар табиғи түрде сөздік қорымызға еніп, дүниетанымымызға сіңісіп кетті. Осының бірі – шайтан ұғымы. Құранда айтылған шайтан сөзі өзгеріссіз түрде сөздік қорымызға еніп, халқымыздың түсінігінде Ислам дінінің үйреткені бойынша адам баласының өмірінің соңына дейін күресіп өтетін қас жауы ретінде қалыптасқан. Адам баласында да шайтанға тән зұлымдық қасиеттер бар. Әсіресе кейде әйел затының шайтанның сөзіне еріп жасайтын қулық-сұмдығы шайтандыкінен асып кетпесе, кем түспейді. Шайтанның айтқанына еріп, айдауына тез түсетіндер әлі ақыл-ес тоқтатпаған жастар мен жаратылысынан нәзік әйел қауымы екені рас. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)осыны бір хадисінде қозғап, былай дейді:
«Жастық – жындылықтың бір тармағы, қыз – шайтанның тұзағы» (Юсуф ән-Нәбәхани, әл-Фәтхул-кәбир фи заммиз-зиядә иләл-ж-миис-сағир, II т., 181-б, (I-III том), Бейрут, 1351). Халқымыз да өмірлік тәжірибесінде әйел баласының осындай қулық-сұмдығын көрген кезде Пайғамбарымыздың хадисін еске алып: «Қыз – шайтан» деген. Осылайша хадистен алынған үзінді халық аузында мақал ретінде қалыптасып кеткен. Шайтан жайын сөз еткен келесі хадисінде Алла Елшісі (с.ғ.с.):
«Асықпау – Рахманнан (Алладан), асығу – шайтаннан», – деген (Тирмизи, Бирр, 66). Осы хадистің де екінші бөлімін мақалға айналдырған халқымыз: «Асыққан шайтанның ісі» деп, асығыстыққа ұрынудан сақтандырған.
Халық ауыз әдебиетіне мақал болып енген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) келесі хадисі:
«Кеңес қылған ел азбайды»( Бухари, Икраһ, 3; Муслим, Никаһ, 64).
Негізінен кеңес мәселесі Құран Кәрімде айтылып, Алла Тағала әу баста мұсылмандарға кеңес етуді бұйырған болатын. Алла Тағаланың бұйрығын қалт жібермеген Хақ Пайғамбар (с.ғ.с.) кеңесті әкімшілік істерінің өзегіне айналдырып, әскери болсын, әлеуметтік болсын, барлық істерінде сахабаларын жинап кеңес өткізіп отырған. Осылайша үмбетіне бұл істе де үлгі-өнеге болған. Хадистерінде кеңестің пайдаларын баяндаған.
Жоғарыдағы хадис осы мақсатта айтылған хадистердің бірі. Осы хадисті халқымыз да өмірінің өзегіне айналдырып, бертін келе мақал ретінде айтылып, тіпті қасына ұйқасын келтіріп былай деген: «Кеңес қылған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас».
Алла Елшісін (с.ғ.с.) үлгі-өнеге тұтқан халқымыз оның аузынан төгілген інжу-маржандарды бағалы қазынаға балап, оны жаттап, тұрмыс-тіршілігінде қалпын бұзбай қолданып отырған. Сондықтан кейбір хадистер мақал-мәтел ретінде құйылып, өмірлік, адамгершілік қағидаға айналған. Осылайша хадистер қазақ даласында халықтық нақыл ретінде өмір сүрген.
Шәмшат Әділбаева
«Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз» кітабынан