Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жаңа кітаптың танытымы өтті

0 910

25 қараша. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан халықаралық конференцияда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарық көрген «Толық адам» ғылыми-теологиялық талдау кітабының тұсауы, деп хабарлайды ҚМДБ Баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sunna.kz тілшісі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Нуриддин Холикназаров, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Замир Ракиев және зиялы қауым өкілдері кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысты.

Наурызбай қажы Тағанұлы «Толық адам» кітабында сонау аңыз-әфсанадан бастап, асыл дініміз Исламдағы, сондай-ақ ұлы даладан шыққан ойшылдарымыздың еңбектеріндегі ой-тұжырымдарға қысқаша түсініктемелер беріліп, талдаулар жасалғанын атап өтті.

«Кітапта түркі даласындағы ортағасырлық жазба әдебиетінің ірі өкілдері Әбу Насыр әл-Фараби, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки, Ахмет Ясауи шығармаларындағы адам, ақыл, рух, нәпсі, бақыт, кемелдік ұғымдарына ғылыми-теологиялық талдау жасалып, олардың «Толық адам» мәселесі жайындағы ой-танымдары таразыланды» деді Бас мүфти.

Кітап «Адам жаратылысы мен болмысы: Жан мен тән», «Ұлы даланың кемеңгер тұлғалары еңбектеріндегі «Толық адам» мәселесі» және «ХХІ ғасырдағы «Толық адам» және жастар» атты үш бөлімнен тұрады. Еңбекті дайындап, баспаға әзірлеген – PhD докторы Ықтияр Палтөре мен философия ғылымдарының кандидаты, доцент Жалғас Сандыбаев. Жинақ исламтанушыларға, теологтарға, діни білім алып жатқан студенттер мен магистрлерге, сондай-ақ көпшілік оқырманға арналған.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.