Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қарахандықтардың мемлекеттік діні

0 2  931

Тарих сахнасында екі ғасырдан астам уақыт бойы билік жүргізген Қарахан мемлекетінің негізін қалаған Сатұқ Боғрахан 955 жылы Ислам дінін қабылдап, өзіне «Әбу әл-Керім» деп мұсылманша есім алғанын жар салады.

Зерттеуші С.Сыздықов түрік тарихшысы Мүнәжжімбасшы шейх Ахмедтің «Қарахандар шежіресі» еңбегінен алынған мына бір деректі келтіреді: «Боғра хан діншіл, білім сүйгіш еді. Имам-хатибке өзі үшін дұға оқытқанда ылғи да «Тәңірім! Саған табынуда жеткіліксіздік көрсеткен және ылғи да сенің ықтиярыңды орындамақ үшін еңбек еткен Сулейман ұлы Харунның халін жақсылыққа жеткізе көр!» деп айтуын тапсыратын. Өзіне ылғи да «Тәңірі жіберген құлы» деп айтылуын және солай жазылуы керектігін құптайтын. Әр жұма күні білімділерді жинайтын».

Алайда, сол жылы атақты қағанның дәм-тұзы таусылып, жарық дүниемен қош айтысады.

Мұрагерлік жолмен таққа отырған ұлы Харун Мұса қаған 960 жылы Ислам дінін мемлекеттік дін етіп жариялайды.

Мемлекет басшысы Мұса қағанның бұл шешімінен кейін сол кездегі оған бағынышты елдің жаппай Ислам дінін қабылдай бастағанын көнеден жеткен тарихи деректер де айғақтай түседі.

Тарихшы З.Китапчы, В.Кляшторний, Т.Сұлтановтардың келтірген деректеріне сүйенсек, бір күнде он мың отбасы Ислам дінін қабылдаған кездер де болған көрінеді.

Ал, атақты «Тарихи Рашиди» кітабында бір күнде 360 мың адамның мұсылман атанғандығы жайлы да дерек кездеседі.

Қорыта айтқанда, Қарахан түркілерінің исламдануы дін таратушылардың белгілі бір күштеуімен емес, бірыңғай мемлекеттік діннің ықпалы негізіндегі экономикалық және саяси пайда күшімен дами түсті.

Ал, Қарахандықтардың саяси және әскери жеңістері Орталық Азия аумағына Ислам дінінің кеңінен таралыпқана қоймай, тұрғылықты халықтың бұқаралық идеологиясы ретінде ресми мәртебеге ие болуына да өз ықпалын тигізді.

Тағы бір қаперде ұстайтын жайт, бірнеше ғасырлар бойы Орта Азияда араб тілі ғылым мен білімнің тілі болды. Отырарлық Әбу Насыр әл-Фараби, Ысқақ әл-Фараби, Исмаил әл-Жауһарилер Таяу және Орта Шығыс елдерінде білім молықтырып, әлем мәдениетінің алтын қорынан орын алатын классикалық шығармалар қалдырды.

 Х-ХІІ ғасырларда тек араб тілі ғана емес, сондай-ақ бірте-бірте жергілікті халықтың түркі тілінде де шығармалар дүниеге келе бастады.

 Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи салған дәстүрді ХV-ХVІІ ғасырларда Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали би Қасымұлы Жалайырилер жалғастырды. Сөйтіп, Ислам өркениеті орта ғасырлардан күні кешеге дейін Орта Азия халықтарының әдебиеті мен мәдениетіне, рухани өміріне үлкен әсер етті.

Елімізден шыққан араб, парсы, түркі тілді ғалымдардың бір тобы философия, тарих, мәдениет, астрономия, логика, музыка, әдебиет пен тіл, медицина саласындағы еңбектерімен мәшһүр болса, енді бірі қасиетті Құран мен тәпсір, шариғат, мәзһаб, фиқһке арналған шығармаларымен де ел құрметіне бөленді.

Бұл ретте Бұрһан ад-Дин Ахмад әл-Фараби, Имад ад-Дин Әбу-л Қасым әл-Фараби, Қауам ад-Дин әл-Фараби, Молла Ахмет әл-Женди, Хусам ад-Дин әл-Хусейн ас-Сығанақи, Әбу Абд Алла әл-Баласағұни, Әбд әл-Ғафур әл-Кердери, Мұхаммед әл-Кердери, Хафиз ад-Дин әл-Кердерилерді айрықша атауға болады.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.