Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Пайда келтірмек зияннан құтылмақ

0 397

Уа, достар, адам тіршілікте екі нәрсеге міндетті. Алла тағаланың бұйырғаны да сол нәрсе, ақылды қабыл көретұғыны да сол екі нәрсе. Оны кітапта «джалбу манфаға-тин-дафғу мударратин» дейді. Қазақша айтқан да, пайда келтірмек зияннан құтылмақ – осы екеуі екі дүниеге бірдей болып табылса, адамшылықтың толық болғаны. Оның көбінесе табылмайтұғыны – кейбір іс дүниеге тыныш болса, ақиретке дұрыс болса да, теріс болады. Кейбір іс ақиретке дұрыс болса да, дүниелікке зиян болса болсын, ақиретке зиян болмасын – соны қатты ескеру керек.

Дүние қазір тез өтеді, ақиретте бейішке кірсе де, дозақта қалса да, біржолата қалғаны, тіпті өлім де жоқ жоғалу да жоқ. Сол себептен, дүниедегі бір күнгідей ғана рахат, яки құмарлық, яки мақтан үшін құтылмас қақпанға түсуден Құдай тағала барша мұсылманды сақтасын.

Аятта: «уа ла тулку би айдйкум илат-таһлукати». Мағынасы: өздеріңізді өзіңіз әлек боларлық іске салмаңыз деген. Кімде-кім басына келген бәледен қашып құтылуға шамасы келгенше қам қылмай өлсе, осы аятқа қарсылық қылған болады. Және дүние үшін қызығын біле тұра ақирет азабына жолықса да, бір бүл емес, коп аятқа қарсылық емес пе? Және пайда келтіру үшін адал кәсіп қылмай, Құдай өзі береді деп жатпақ күпірлік болады. Егерде біреу сөйтіп жатып не аштан, не суықтан, не ыстықтан дегендей бір кемшілікке ұшыраса, аятқа қарсы болып, қатты күнә болады.

Сол себептен, біздің қазақта мақал болып жүрген «Алла тағала «сақтансаң сақтармын» дейді», деген соз – рас сөз. Енді бұл – «джалбу манфағатин – дафғу муддаратин», яғни пайда келтіру, зияннан құтылуды, әуелі өз басына, одан ғылымын, өлеңің асса, аудан маңайыңа, одан да асса, барша халыққа қыласын, шаман, келсе, тамам жанға пайдалы іс қылып, яки іс шығарып һәм тамам жанды залалдан құтқарарлық іс қыласың, яки өнер шығарасың. Аятта: «уал-бақийату ас-салихату хайрунғинда раббика сауабан уа хайрун амалан». Мағынасы: артыққа қалып, көпке пайдасы тиетұғын жақсы істерді қылмақ Алла тағала қасында ең жақсы сауап, ең үміт сол деген. Және бұл турада таза жүрмектікті қатты ескеру керек. Себебі таза жүрмеген кісі әр түрлі бәле, науқасқа кез болады һәм Алла тағалаға ғибадат қылып, тілек те тілеп жүре алмайды. Бойы таза болмаған соң, тілегі де қабыл бола алмайды.

Сол үшін пайғамбарымыз айтқан: «ман бата у а фи йадиһи риху гама-рин фа асабаһу шайгун фа ла йалуманна илла нафсаһу». Мағынасы: біреу төсекке жатқанда тамақ исіменен қолын жумай жатып, бір бәлеге ұшыраса, оны өзінен басқа ешкімнен көрмесін деген. Және бір хадисінде: «иннал-лаһа тайй-ибу йухиббут-таййибата назифу йухиббун-назафата фа наз-зифу афнитакум уа ла таіпбахул-йахуда»–мағынасы: Алла тағала көркем, көркемдікті ұнатады, таза Алла тағала тазалықты ұнатады, көше-қораларыңызды да таза қылыңыз, жүһіддерге ұқсап кір-кір болмаңыз деген. Енді өзіңіз де ойлаңыз, таза болмағаныңызды ақылыңыз сап қабыл көре ме, сіздің маңайыңызға сасық, үсті-басы кір біреу келсе, жиіркенбейсіз бе? Жаман іс, қоқыстан кісі ауырып та қалмай ма.

Және «джалабу манфаатин дафу мударратин»-нен біз түгіл, даладағы оның да аз ғана хабары бар ғой. Мәселен, суырдың іні қыс болғанда кіріп жату үшін, жаздыгүні қашып кіру үшін, шыбынды ұстап жеуге өрмекшінің торы, осындайлар бек көп қой. Біз хайуаннан артықпыз деп мақтанғанда онымыз рас боларлық іс қылсақ жарайды ғой. Аятта: «құл һал йастауил-лазина йағламуна уал-лазина ла йағла-муна», – деген, мағынасы: білгендер білмегендермен бірдей дейсіңдер ме, әлбетте, бірдей емес деген.

Жоғарыда адам өзін танымаққа айтылған аят – «улағиқа қаланғами бал һум адаллу улағикал-ғафилуна» мағынасы: олар тура аяқты мал сықылды, бәлкім, одан да жаман меңіреулер деген. Солай болғанымыз жарай ма? Әр істі істеуге мойынды жар бергізбейтұғын еріншектік ол адамды хайуаннан төмен меңіреу қылады. Орынсыз іске қызықтырып, ұятсыз, қанағатсыз қылатұғын – нәпсі, ол адамды хайуаннан да ұятсыз, ынсапсыз қылып жібереді. Себебі адам құмарланған нәрсесін қоя алмайды, хайуан бір мезгіл сабыр қылып, өзі жемей, тапқанын балаларына, яки ұя басарына алып келіп береді. Аң алып жейтұғын құстар кешке табылған бір кішкене нәрсеге қанағат қылып, артық тамақ үшін аяғын шайнайтұғын аңға соқтықпай, Құдайдан күтіп, қонақтайды. Біздің адамзат ертеңі түгіл, өмірі жетер-жетпес білмейтұғын жылдарға шейін болсын деп, мал жиямыз деп, әлдене бәлеге ұшырайтұғыны ақылдылық па? Малды қанша болса да халалдан жеп, халық пайдасына ұстамақ бек жақсы, бірақ құры көзі тоймаған жаман іс.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

«Мұсылмандық шарты» кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.