Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Батаменен ел көгерер

0 1  438

Бата – ғасырдан ғасырға жалғасып, атадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан салт-дәстүріміздің бірі. Ақ дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда жүзеге асатын бұл дәстүр барысында қол жайылып, ізгі тілектер айтылады.

Этнограф-фольклоршы ғалым Александр Васильев өзінің 1905 жылы Орынбор қаласында шыққан «Образцы киргизской народной словестности, молитвенных благожеланий – бата сөз» атты мақаласында батаның мән-мағынасы туралы:

«Кімде-кім қазақ даласында болса, ол батаның халықтың қандай ерекше назарында болатынын жақсы біледі. Бата қазақ поэзиясының ерекше түрі, онда бата беруші адамның үй иесіне деген шын жүректі жарып шыққан ықылас-пейілі, ақ ниеті, Алладан тілер тілегі поэзиялық өлең түрінде ақтарылады» деп жазған.

Бұл мәліметтен батаның қайнар көзі –жақсы сөзді дәріптеген ислам дінінің ұстанымдары екендігін көре аламыз.

Қасиетті Құранда игі сөз жайлы:

«Уа, иман келтіргендер! Ендеше, Алладан лайықты түрде қорқып, Оған қарсы келуден әрі азабынан барынша сақтаныңдар және әрдайым жібі түзу сөз айтыңдар!» («әл-Ахзаб» сүресі, 70 аят), деп айтылады.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)хадистерінде:

«Кімде–кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда қайырлы сөз айтсын яки үндемесін».

«Тозақ отынан жарты құрма болсын садақа беріп сақтаныңдар, ол болмаса, жақсы сөз айтыңдар», деп келтіріледі.

Ата-бабамыз да игі сөздің құдіретін жете сезініп «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Сөз сүйектен өтеді» деген өнегелі нақылдарын қалдырған.

Бұдан бөлек бата беру рәсімі көпті көрген, ақыл тоқтатқанауылдың үлкендерінің, қадірлі қариялардың, атақты батырлардың, ақындарының, би – шешендерінің, ақсақалдарының, жолы үлкен адамдардың, құдайы қонақтың үлесіне тиген.

Сол секілді бата уақыты мен кімге қарата айтылып тұрғанына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Олар – ас қайыру батасы, серттесу батасы, сапар (жол) батасы, соғым батасы, көші-қон батасы, жас отау иелеріне арналған бата және т.б.

«Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ел көгереді» демекші, бата айтылатын шаңырақтан, қоғамнан ырыс-несібе, береке арылмақ емес. Бата беру дәстүрі өз құндылығын ешқашан жоғалтпайды деп сеніммен айта аламыз.

Әділ Агитаев

 «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.