31-мамыр. /SUNNA.KZ/ – «С.Ғылмани» мешітінде ақсақал шәкірттер тобы қасиетті Рамазан айына орай Құран хатым түсірді.
Рамазан айында Алланың кәләмі – Құран Кәрімді бастан аяқ оқып шығу – сауабы мол сүннет амалға жатады. Құран оқу мұсылмандар үшін ең игі ғибадат-амалдардың бірі. «С.Ғылмани» мешітінде Рамазан айында Тарауық намазында Құран Хатым жасау үрдісімен қатар, мешіт жанындағы сауат ашу курсының шәкірттерінің де Құран хатым жасау жыл сайынғы дәстүрге айналған игі шара.
«С.Ғылмани» мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазановның қатысуымен, мешітімізде діни сауат ашу курсында дәріс алып жүрген ақсақалдар қауымы Құранды толық хатым жасап, қасиетті Қадыр түні қарсаңында хатым түсіріп, хатым дұғасын жасады.
Ақсақалдар еліміздің тәуелсіздігі мен жеріміздің тыныштығы үшін өмірін берген ғазиз жандардың, өмірден өткен барша мұсылмандардың рухына арнайы Құран сауабын бағыштады. Алладан елімізге амандық, халқымызға мол ырыс-несібе, жерімізге тыныштық тіледі. Сондай-ақ, Рамазан ай бойы хатым өткеруге ұстаздық жасаған наиб имам Санху Закир Рамазанұлына және ұстаздарға ақ батасын беріп, ризалықтарын білдірді.
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі