Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құдайы ас берудің діндегі орны

0 2  436

Халық дәстүріндегі құдайы астар

Қазақ халқының дәстүрінде марқұмдарға арнап берілетін құдайы астардың бірнеше түрі бар. Мысалы, «үш күндігін беру», «жетісін беру», «қырқын беру», «жүзін беру», «жылын беру» және т.б. Яғни көңіл айтып келген кісіге дастархан жайып ас беру қазақ халқының қанына сіңіп, дәстүріне айналған.

Сондықтан дүниеден озғандарға арналған құдайы астардан бөлек көпшілікке берілетін астар да бар. Ата-анасының, басқа туыстарының дүниеден озғанына бес жылдық, он жылдық, тіпті марқұмның 100 жасқа толуын еске алатын құдайы астың түрлері бар. Әсіресе, қазақ халқының тарихында хандар мен батырларға сондай-ақ, ақын бабалар мен би-шешендерге сауын айтып, арнайы құдайы ас беру дәстүрі кеңінен қалыптасқан.

Шариғат бойынша марқұмның артынан ізгі тілек тілеп, дұға жасаудың сауабы мол. Сол себепті, осындай кәделі күндері марқұмның артында қалған ұрпақтары сауабы тисін деген ниетпен көпшілікке ас беріп, тамақ таратып, Құран оқытып, дұға жасайды.

Құдайы ас берудің діндегі орны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан әзірленіп, жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында: «Қайтыс болған кісінің атынан ас беру – ислам шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды.

Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін Құран аяттарынан және хадистерден байқаймыз. Дінімізде «міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атынан ірі қара мал сойып, садақа бер» деген үкім жоқ. Садақалар, құдайы астар берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс», – делінген [«Жаназа және жерлеу рәсімдері» – Астана, 2017. – 148 бет].

Ел ішіндегі әдет-ғұрыптар, дәстүрлер бірте-бірте адамдар арасындағы қарым-қатынастан түзіліп шығады. Қоғамда қалыптастқан дәстүрлер мен әдеттер шариғатқа келмесе, орындаудың еш оғаштығы жоқ. Алайда, діннің негізгі ережелерін бұрмалауға болмайды. Сол себепті, мұсылмандардың қоғамдық істері туралы ақылдасу, ой елегінен өткізу шарасы жүргізілгенде, осы қағида естен шықпауы тиіс.

Құдайы астарды беру кезінде ислам дінінің осындай өзгермейтін мәңгілік құндылықтарына нұқсан келтіріп алмау жағын назарда ұстау қажет.

Бұл құжатта шариғатта көрсетілген «парыз, уәжіп, халал-харам» сынды діннің басқа да қатаң талап-қағидалары ешқандай өзгеріске ұшыраған жоқ.

Әдет-ғұрыптардың жаңаша сипат алуы Ислам құқығында «Үкімдер уақыт пен мерзімнің өзгеруіне қарай өзгеріске ұшырайды» деген құқықтық динамизмін сақтайтын маңызды қағида бар. Ол Құран Кәрім мен Пайғамбар сүннетінің түпкі мәнінен сүзіліп алынған іргелі дәстүр.

Сондықтан жаңа заман талабына сай кейбір әдеттер мен дағдылардың өзгеруі – заңды құбылыс.

Қазіргі кезде бүкіл әлемде қоғамның ақпараттық бет-бейнесі өзгеріп, ауысып кеткен. Ақпараттық технологияның санаулы жылдардың ішінде қарыштап дамып, тіршіліктің күрт өзгеріп кетуі бұрынғы өмір сүру дәстүрлері мен модельдерін дәл сол қалпында ұстануға мүмкіндік бермейді.

Тек тарихи қалыптасқан жолды ғана ұстанумен шектеліп, жаңа талаптарға бейімделмеген халықтардың қоғамға ілесе алмай, көптеген қателіктерге бой алдырып жатқаны белгілі.

Дәл сол секілді құдайы ас беру мәдениетін де заман мен қоғам талабына сәйкестендірудің қажеттілігі туындап отыр. «Құдайы ас» берудің түпкі өзегін, мәнін сақтай отырып, жаңаша сипатқа көшудің маңызы осында.

Құдайы астың нақты уақытын белгілеп, бүкіл халықтың сол уақытқа тоқтауын, белгілі бір дастархан мәзірін жасап, сол мәзірге бірауыздан келісуін, қысқасы, құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыратын бірізді ереже жасап, сол ережені бекітуді бүгінгі қоғамдағы ынтымақ-бірлікті сақтау және заман талаптарымен санасу деп білеміз.

«Ас беру мәдениеті» кітапшасынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.