Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти баяндама жасады

0 945

Талдықорған қаласында өтіп жатқан «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.

Бас мүфти барша дін қызметкерлерінің қоғам алдындағы басты міндеті мұсылман қауымының бірлігін нығайту, бүлік пен жалған діни ұрандарға жол бермеу екенін алға тартты. Жақсылықтың жаршысы болып, халықты бірлікке шақырудың пайғамбарлардан жалғасып келе жатқан ұлы міндет екенін атап өтті.

«Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Барлығың бақташысыңдар. Әркім өз қарамағындағыларға жауапты. Басшы да – бақташы. Ендеше ол да қарамағындағыларға жауапты», – деген. Хадисте айтылғандай, әр азамат өзіне жүктелген аманатты жауапкершілікпен атқаруы қажет.

Бірлігіміздің бекем, төңірегіміздің түгел болуы үшін үнемі дұғада болу – мұсылманның міндеті. Әр қазаққа қымбат байтақ даламыздың бағзыдан келе жатқан дәстүрін сақтап, бабалар салған жолды жалғастыру бізге жүктелген екен. Ендеше қазақ атам аманатқа қиянат жасамаған. Дәл осы тұтастық пен тыныштық Алладан келген нығмет екенін сезіне білу де бақыт. Алла тағала Құран Кәрімде: «Сендер, адам баласы үшін игілікті әмір етіп, қарсылықтан тыятын, сондай-ақ, Аллаға сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар» дейді. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю біздің міндетіміз екен. Ендеше елдің амандығы, халықтың бірлігі жолында тек жақсы іске себеп болайық!» деді Бас мүфти.

Еске сала кетейік, оффлайн және онлайн форматтағы конференция Бас мүфтидің діни салада жариялаған «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы аясында өткізіліп отыр.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.