Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

АСТАНАДА ИСЛАМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӨНІНДЕГІ САММИТІ БАСТАЛДЫ

0 2  173

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында бірқатар елдің мемлекет басшыларының қатысуымен Ислам ынтымақтастық ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінің жұмысы басталды. Дәл қазіргі уақытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Саммитке келген мәртебелі меймандарды қарсы алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Саммит барысында ұйымға қатысушы елдердегі ғылым мен технологиялардың, инновациялардың дамуы бағытындағы мақсаттар мен міндеттер айқындалады. Еске сала кетейік, бұл саммитті өткізу бастамасын 2016 жылы Ыстанбұлда ИЫҰ Саммиті барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Биылғы шара «Ислам әлеміндегі ғылым, технология, инновация және жаңғыру» тақырыбына арналып отыр. Мемлекет және үкімет басшылары осы кездесу барысында алғаш рет ғылыми-техникалық мәселелерді талқылайды.

Осы орайда Саммит аталған салаларда дамудың күн тәртібін қалыптастыруға негіз болмақ. Сонымен қатар бұл ауқымды шара ұйымның ғылым мен технологияларға айрықша мән беріп отырғанын, алдағы он жылдыққа бұл салада мұсылман елдері үшін басымдықтар мен міндеттерді әрі ұсыныстарды айқындайды. Саммиттің негізгі құжаттары Қорытынды коммюнике мен Астана декларациясы болмақ.

Биылғы жиынға ИЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекет, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар қатысуда. Белгілі болғандай, Саммит кезінде Ислам ынтымақтастығы ұйының ғылым мен технологиялар бойынша сыйлығы тапсырылады деп күтілуде.

Айта кетейік, мұсылман мемлекеттері басшыларының  1969 жылғы 25 қыркүйекте Рабатта өткен конференциясында негізі қаланған Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) – ең ірі және ықпалды үкіметтік әрі халықаралық мұсылман ұйымы. Қазіргі уақытта ол жалпы саны шамамен 1,5 миллиард адамды қамтитын 57 елдің басын біріктіріп отыр.

ИЫҰ-ның негізгі қағидаттары мыналар: толық теңдік; әр халықтың өз тағдырын өзі шешу құқығына деген құрмет; ішкі істеріне араласпау; мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеу; ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы даулы мәселелерді келіссөз, араағайындық немесе арбитраж арқылы бейбіт жолмен шешу; ұйымға мүше мемлекеттер аумақтарының тұтастығына, сонымен бірге саяси тәуелсіздігіне де қарсы күш қолданбау немесе қоқан-лоққы көрсетпеу. Қазақстан 1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымының толық құқылы мүшесіне айналды.

Астанада 2011 жылғы 28-30 маусымда Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-ші сессиясы өтті. Сол сәттен бастап Қазақстан осы халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті. Бұл басқосуды тарихи оқиға деп атауға болады, өйткені, онда Ислам конференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Алғашқы рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды.

Сурет tengrinews.kz сайтынан алынды

Қазақпарат

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.