Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын түсіндіруге арналған жиналыс өтті.
ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлының төрағалығымен өткен жиынға орталық директоры Мейрамбек Қабылбекұлы мен өңірдегі жауапты мамандар онлайн форматта қатысты.
Наиб мүфти жиынға қатысушыларды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойымен құттықтап, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізді. Сондай-ақ, ҚМДБ Төрағасының Бағдарлық баяндамасында орталықтың қызметтеріде назардан тыс қалмағанын, қоғамды салттық қызметтерде, құдайы ас-жиындарда және зират көтеруде ысырапшылдықтан сақтандырып, ізгі істерге көптеп насихаттау қажеттігін тапсырды.
Жиында орталық директоры Мейрамбек Қабылбекұлы, орталықтың қызметтеріне жергілікті халық пен билік өкілдері де қолдау білдіріп жатқанын, орталық қызметтерін одан ары дамыту бойынша атқарылуы тиіс жұмыс жоспары мен міндеттерін атап өтіп, орталықтың жуырда ашылатын ақпараттық сайтымен таныстырды.
Өз кезегінде орталықтың бас есепшісі Г.Исенова, жиынға қатысушыларға Қазақстан Республикасының салық заңнамасына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды түсіндіріп, өңірдегі жауапты мамандарға филиалдардың салық пен статистика органдары алдындағы есептерін уақтылы тапсыру қажеттігін атап өтті.
Жиын соңында, орталықтың өңірдегі жауапты мамандарының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, олардың сұрақтарына жауаптар берілді.