Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құлшылықтың мақсаты

0 1  500

Құлшылық дегеніміз-Алла жақсы көріп Өзі разы болған барлық салих амалдарды айтады. Және құлдарына берген шексіз нығметтері үшін алғыс білдіру. Сондай-ақ Алла Тағала адам баласын жаратудағы мақсатын құранда былай деп баяндайды.

وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ. مَا أُرِيدُ مِنْهُم مِّن رِّزْقٍ وَمَا أُرِيدُ أَن يُطْعِمُونِ. إِنَّ اللَّهَ هُوَ الرَّزَّاقُ ذُو الْقُوَّةِ الْمَتِينُ

Алла Тағала: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым. Олардан ешбір ризық қаламаймын әрі олардың Мені тамақтандыруларында қаламаймын. Шүбәсіз, Алла, рызықтандырушы және мықты күшке ие»[1].

Бұл аятта Алла Тағала жын мен адамзатты жаратудағы хикметі – олардың Аллаға құлшылық жасау екендігін, сондай-ақ олардың құлшылығына мұқтаж емес екенін, керісінше олар Аллаға мұқтаж болғандықтан, Оған құлшылық жасауға мұқтаж екендіктерін хабарлады.

Сонымен қатар бізді жоқтан бар етіп жаратқан – Алла Тағала денемізге көретін көз, еститін құлақ, сөйлейтін тіл сияқты тамаша мүшелер беріп әсемдеген. Басқа тіршілік иелерінен артық етіп бізге ақыл берді және ең жоғары дәрежеге көтерді. Бұлардан басқа өмір сүре алуымыз үшін керекті тыныс алатын ауадан ішкен суымызға дейін шексіз нығыметтер берді. Құранда бізге берген нығыметтері жайлы былай дейді:

 وَإِن تَعُدُّوا نِعْمَةَ اللَّهِ لَا تُحْصُوهَا ۗ إِنَّ اللَّهَ لَغَفُورٌ رَّحِيمٌ

«Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Рас Алла өте жарылқаушы, ерекше мейрімді»[2].

Сондай-ақ бізді жалғыз тастамады. Пайғамбарлар мен кітаптар жібере отырып, дүние және ахиретте бақытты болудың жолдарын көрсетті. Осы жақсылықтардың қайтарымы ретінде Алла Тағала бізден өзін танып-біліп, өзіне ғибадат етуімзді қалайды. Былай ойлап көрейік: жақсылығын көп көрген үлкен кісіге құрмет көрсетіп, істеген жақсылықтарына алғыс айтамыз. Бізге бір жұмыс тапсырса, оны жан-тәнімізбен істейміз бе?

Ендеше, бізді жоқтан бар етіп, сансыз нығыметтерге бөлеген Алла Тағалаға алғыс білдіру, әмір еткен құлшылықтарын қуана қуана орындауымыз қажет емес пе?

Жаратылысымыздың мақсаты Алланы тану және Оған ғибадат ету. Ғибадаттарымызды орындаған жағдайда, Алла Тағаланың берген нығметтеріне алғысымызды білдіріп әрі оның сүйіспеншілігіне бөленеміз. Егер біз ғибадаттарымызды орындап, оның разылығын тапсақ, Алла бізге дүниедегі нығметтерен де көп нығметті ахиретте беріп, бізді жаннатта шексіз бақытқа кенелтеді.

Серікбол ХАМАН

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұстазы

[1] «Зарият» сүресі, 56-аят.

[2] «Нахыл» сүресі, 18-аят.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.