Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шариғат бойынша себепсіз жасанды түсік (аборт) жасату харам

0 15  489

Жасанды түсік жасатудың үкімі  

بسم الله الرحمن الرحيم

Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

الحمد لله رب العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمد وعلى آله وأصحابه و من اتبعهم إلى يوم الدين ”أما بعد“

Күллі мақтау мен мадақ әлемдердің Раббысы – Алла Тағалаға болсын! Жаратылғандардың абзалы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына және оларға ергендерге қияметке дейін Алла Тағаланың сәлемі мен салауаты болсын!

Аборт (лат. Abortus – түсік) медицинада – құрсақтағы ұрықтың 28 апталық мерзімге жетпей тіршілігі үзілуі немесе түсік түсуі. Жүктіліктің 14-15 аптасына жетпей ұрық тіршілігінің үзілуін ерте, ал 14-15 аптадан кейін үзілуін кеш түсік дейді.

Ал шариғаттағы мағынасы – әйел құрсағындағы шарананың уақыты келмей тірідей немесе өлідей түсуі. Міне, осы түсіктің екі түрі болады. Бірі өздігінен болатын түсік. Екіншісі жасанды түсік. Біздің қарастыратын мәселеміз жасанды түсікке қатысты. Жасанды түсік жасатудың себептерінің әртүрлі болуына қарай, шариғи үкімі де өзгеріп отырады.

1) Жан берілмей тұрып жасанды түсік жасату;

2) Жан берілгеннен кейін жасанды түсік жасату.  

1.Жан берілмей тұрып жасанды түсік жасатудың үкімі.   

Құрсақтағы нәрестеге жасанды түсік жасату жөнінде ғұламалардың арасында әртүрлі көзқарас бар. Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Ибн Абидин ешбір себепсіз баланы түсіруге рұқсат жоқ деген. Ол өз сөзінде: «Оны (бала түсіруді) халал деп айтпаймын. Өйткені мухрим (қажылық парызын өтеп жүрген адам) құстың жұмыртқасын жарса құнын төлейді. Ал жұмыртқа құстың негізі. Егер жұмыртқаны жарғанына жаза қолданылса, онда себепсіз түсірілген баланың жағдайы одан кем емес (яғни, күнәға батады)»[1].  

2. Жан берілгеннен кейін жасанды түсік жасатудың үкімі  

Ғалымдар ананың құрсағындағы бала 120 күнге жететін болса, яғни ол рух берілетін мерзім, онда құрсақтағы баланы түсіруге және жасанды түсік жасауға бірауыздан қатаң түрде тыйым салған. Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) былай деді: «Сендердің әрбіріңнің ана құрсағында жаратылуларың қырық күннен тұрады. Ұрық алдымен (қырық күнде) тамшы, (қырық күнде) ұйыған қан, сонан соң (келесі қырық күнде) кесек ет болады. Осыдан кейін ана құрсағындағы балаға періште жіберіледі де, ол балаға жан беріп, төрт нәрсені белгілейді:1) ризығын; 2) қанша өмір сүретінін; 3) істейтін амалын; 4) бақытты не бақытсыз болатынын»[2].

Расында, түсік жасату жазықсыз бір адамның өмірін қиғанмен тең.  

Алла Тағала Құранда: «Кімде кім бір адамды жазықсыз өлтіретін болса, ол жер бетіндегі барлық адамды өлтіргенмен тең…»[3] деп адам жанын қиюға қатаң түрде тыйым салған.  

Үкім:

Шариғат бойынша себепсіз жасанды түсік жасату харам. Жатырдағы балаға жан берілгеннен кейін түсік жасатуға тыйым салынады. Алайда сенімді әрі әділ бірнеше дәрігердің қорытындысы бойынша құрсақтағы бала ананың өміріне қауіп төндіретін болса, ананың өмірін сақтау мақсатында жасанды түсік жасатуға рұқсат етіледі.

والله اعلم بالصدق و الصواب  

ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі  

[1] «Хашияту Родди әл-Мухтар», 3/192.

[2] Бухари, 3/1212, №3154.

[3] «Маида» сүресі, 32. 

Негізгі тақырыбы:(Жасанды түсік жасатудың үкімі http://www.fatua.kz/kz/post/view?id=786) 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.