Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

«MUNARA TV» телеарнасының жаңа маусымы ресми түрде ашылды

«MUNARA TV» телеарнасының жаңа маусымы ресми түрде ашылды

0 72

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл арнасы – «MUNARA TV» телеарнасының жаңа маусымының ресми ашылу салтанаты өтті.


Ізгілік пен руханиятты дәріптеуді мақсат еткен телеарнаның жаңа маусымы тың идеялар мен мазмұнды жобаларға толы.

Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, шығармашылық орта мен дін саласының өкілдері қатысты.

Шараға арнайы қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арна ұжымына ақ батасын беріп, жаңа маусыммен құттықтады.

«Жаңа маусымда да арна ұжымы көрерменнің рухани сұранысын қанағаттандырып, елге ізгілік нұрын шашатынына сенім білдіремін.Сонымен қатар жаңадан ашылған жаңа телебағдарламалар көрерменге рухани азық болады деп санаймын.

Атап айтқанда, «Отбасы кодексі», «Білу керек», «Арақсыз ауыл», «Иманым жиғаным», «Салиқалы сұқбат», «Күй күмбірі», «Баталы ел», «Алашқа адал кәсіп», «Дін мен дәстүр», «Сәті түскен сұқбат», «Кітап талқы», «Қазақ қызы», «Жетінші түйсік», «Кәсіп нәсіп», «Қала мен дала», «Имамның бірі күні» сынды жаңа бағдарламалар көрермендерге көрікті ой тастайды деп сенемін»,- деді Бас мүфти.

Сондай-ақ жиында ҚР Дін істері комитеті төраға орынбасары Мақсат Аралбайұлы мен «Хабар» агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Дәулетхан Жиенқұлов құттықтау сөз сөйлеп, «MUNARA TV»-ның ақпараттық-ағартушылық бағытына табыс тіледі.

Шара барысында телеарна директоры Болат Көкенайұлы жаңа маусымның мазмұндық тұжырымдамасын таныстырып, ал өңірлік меншікті тілшілер – Шымкенттен Әділет Әнуар «Арақсыз ауылдар» жобасын, ал Алматыдан Меруерт Тинбаева «Иманым жиғаным» бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды.

Жиын соңында телеарна ұжымына алғыс хаттар табысталып, жаңа маусымның басталуына арналған арнайы таныстырылым ролигі көрсетілді.

«MUNARA TV» – елдің рухани кеңістігіне серпін беретін, ізгілік пен мәдениетті насихаттайтын арна ретінде жаңа тыныспен жұмысын жалғастыруда.




























Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.