Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Сымағұл Сәдуақасұлы: Кемшілікті айту – ұят емес

0 738

Ұлттың ардақты перзенті Смағұл Сәдуақасұлының бірқатар ой орамдарын назарларыңызға ұсынамыз.

Әр жұрттың өз басына бір ауруы бар. Біздің ауруымыз – ел ішіндегі ру партиясы. Ол партияға кірген адам – әділ, адал болмайды. Өз жағының жеңуін іздеп, қандай түзу деген кісілер көріне қисық жұмыс істейді.

Әрбір жұмысқа адалдық керек. Негіз керек. Әсіресе, саяси жұмысқа бұл сықылды сипаттар өте қажет. Негізсіз жасалған саясат – бояма саясат. Ондай саясаттың түбі қайырсыз.

Жаңа заманның мағынасын біздің ішімізде теріс түсініп жүргендер бар. “Мен – коммунист. Маған қазағы да, орысы да бәрі – бір” деушілер табылады. Бірақ бұл секілді сөзді айтушылар – орысқа да, қазаққа да пайдасыз адам болып шығады.

Қазақтың молдасы – орыстың попы емес. Ол – бірінші мұғалім.

Қандай ауыр жұмыс болса да – қолға алған соң жеңілденіп кетеді. Қазақ ішінде жөн білетін пысық жігіт аз емес.

Кемшілікті айту – ұят емес, бар кемшілікті жоқ деп, одан құтылуға тырыспау ұят.

Ежелден жуастың еншісі – артта қалу, сыртта қалу. Жуастың сөзі өтімсіз, өтімді сөз айтарлық болса – ол жуас та болмас еді.

Қатені сөйлеу ұят емес, қатені айтпай, денеде сақтап жүрген – ұят.

Халықтың өмірі – шаруасында. Шаруасы күйлі болса – халық та күйлі. Шаруашылық адам баласының өмірінің арқауы.

Алтай тауы, Тарбағатай, бер жағы Ертіс, Зайсан, Марқакөл деген әдемі көлдер бар. Бұл маңайдың әдемілігі Еуропадағы Шведцария тауларынан анағұрлым ілгері. Шведцария – өзіне Шведцария, Қазақстанның ішінде Алтайдан әдемі жер жоқ. Алтай – жердің жұмағы, Алтай – біздің жер. Алтайда болған адамда арман жоқ.

“Алаш айтқан асыл сөз” кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.