Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қожа Ахмет Иассауи: Ақымақтар айқаймен жеңер болды

0 1  325

Даналардың айтқаны келер болды,

Қияметтің қияпаты төнер болды,

Ақымақтар айқаймен жеңер болды,

Бұл не деген замана болды достар.

Халайықтан мейірім мен рақым кетті,

Момынға телі-тентек зақым етті,

Тал түсте талапайда ақыл кетті,

Бұл не деген замана болды достар.

Үлкен-кіші адамнан ибалық әдет кетті,

Қыз-бозбала жастардан әдеп кетті,

Мінез-құлықты бұзатын әлек жетті,

Бұл не деген замана болды достар.

Мұсылманды мұсылман түтіп жейді,

Бірін-бірі ұқпайды, түсінбейді,

Мұриттер пірге көз қырын түсірмейді,

Бұл не деген замана болды, достар.

Жамағаттың жақсыға құрметі жоқ,

Кішілердің үлкенге ізеті жоқ,

Патшаларға әділдік міндеті жоқ,

Бұл не деген замана болды, достар.

Дәруіштер дұғасының шипасы жоқ,

Тым болмаса үстінде лыпасы жоқ,

Құнарсыз қу тақырдай бұтасы жоқ.

Бұл не деген замана болды, достар.

Азған заман ғалымы залым болар,

Қошаметшіл қулықпен мәлім болар,

Анығын айтқан адалдар жазым болар,

Бұл не деген замана болды, достар.

Айтылған сөз, уәденің байламы жоқ,

Жалғандыққа шындықтың қайраны жоқ,

Шындықты айтып осылай шырқыраған

Құл Қожа Ахмет сөзінің жалғаны жоқ.

 «Иман» журналының 2022 жылғы №3 санынан алынды

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.