Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Сүйінбай Аронұлы: Әділдік орнаса

0 1  128

Жау басынар халықты,

Басқарушысы оңбаса

Малша айдап адамды,

Орынсыз күштеп зорласа.

Ауға түскен балықтай,

Шыға алмассың бұлқынып,

Қорғаушыңыз болмаса.

Күннің көзін жасырар,

Аспанды бұлт торласа.

Елдің бағы ашылар,

Әділеттік орнаса.

 

Қарасай мен Сұраншы

Өтіп еді-ау елді ойлап

Заманында датқалар.

Ұрты кеуіп мақтанар.

Пайда тапса дау-шардан,

Шоқтығына дақ салар.

Екі ауылды ығыр ғып,

Қолтығына шоқ салар

Басындағы дәулетін

Бір күн, сірә, ақтарар.

 

Елге жақпас қылығы,

Бұл заманның ұлығы,

Параменен мал жиып,

Бойынан асқан былығы.

 

Оязға қайтсем жағам деп,

Самғай жүйрік жүгірер,

Аяқтан біреу шалмаса.

Жау десе батыр киінер,

Тоқталмас кегін алмаса.

Ел елдігі бола ма,

Бірігіп жауға бармаса.

Елшілігі бұзылмас,

Өз жерін жаудан қорғаса.

Ағаш қалар қуарып,

Жапырақ, тамыры болмаса.

Теңіз де қалар суалып,

Құятын өзен болмаса.

Өзен де ағар күшейіп,

Бастау мен бұлақ самғаса.

Сүйінбай кетер ағындап,

Халқым бір мені қолдаса.

Халықты тілмен қорғадым,

Сөз шындыққа келгенде,

Бас кессе де болмадым,

Құтылып жарлы кеткенше,

Зорларды сөзбен торладым.

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.