Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Адам өміріндегі жүректің маңызы

0 1  037

Бухари мен Мүсілімде келген Алла Елшісінің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) келетін әйгілі хадистерінің бірінде «Адамның денесінде бір кесек ет бар. Егер ол сау (жақсы) болса, бүкіл дене сау (жақсы) болады. Егер ол ауырса (бұзылса), бүкіл дене ауырады (бұзылады). Ол – жүрек!» деп баяндалады.

Қарап отырсақ, бұл хадисте адам өмірінің ақаусыздығындағы жүректің маңызы жайлы айтылуда.

Дініміздегі ішкі жан-дүниенің құлшылығында (иманы, тазалығы, жақсы сипаты, мейірімі, әділеті, т.т.) жүректің атқарар қызметі айырықша.

Төменде біз жүректің адам өміріндегі маңызды қызметтерін бірнеше түрге жинақтап баяндап көрелік:

1.Аллаға иман келтіру.

“Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз” дейді ғой Абай атамыз. Демек, ақылды адамның жүрегінің ең басты қызметінің бірі Аллаға иман келтіру болуға тиісті екен.

Сонымен бірге, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына сену, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алладан екендігіне, өмірден озаннан кейін тірілмектің хақ екеніне иман келтіру де жүрекпен бекітілетін істерден.

2.Иман келтіргеннен кейін Оған серік қоспау.

Бұл да жүректің жауапкершілігі жоғары қызметтерінің бірі деуге болады. Күнәнің ең үлкені болған серік қосу амалынан таза болу үшін де жүрек тазалығы аса маңызды.

3.Алла тыйым салған істерден аулақ болу. Көре алмаушылық, зұлымдық, адамдардың ақысын жеу, қиянат жасау, зинақорлық, өсімқорлық, т.б. Алла тыйым салған істерден аулақ болуда да адамның жүрегінің дұрыс басшылығы керек. Жоғарыдағы хадисте аталғандай жүрек жаман сипаттарда болса адам өмірі де жақсы, өнегелі бола қойюы екіталай.

4.Қоғамды безендіретін барша көркем мінездер де – жүрек ісі.

Айталық, әр істе шынайы ықыласты болу, әділет, шыншылдық, мейірім, тәуекел ету, шынайы болу, т.б. амалдар жүрек ісіне қатысты. Сөз басында айтылған хадисте осыны қуаттап тұрғанын аңғарамыз.

Мінеки, жүректің қызметін саралап қарап отырып, адам өмірінде жүректен аяулы жері жоқ екенін, жүректі таза ұстамай өмірді көркем сүруге болмайтынын аңғарамыз.

Олай болса, жүрек тазалығына мән берудің қаншалық қажет екенін бағамдай беріңіз.

Руслан Байзақов
Ғылмани мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.