Енді шаңырақ көтерген жас жұбайлардың ерекше ескеріп, көңіл бөлуі керек мәселелерінің бірі отбасы мәселелерінде түсініспеушілік болғанда оның соңы ренжісу, айғай-шуға апарғанда бір-біріне қандай мәміле жасау керек? Бұндай жағдайда қалай әрекет ету керектігін жақсы білу керек.
Өмір күрестен тұрады. Жаратылыста Алла әлемдегі барлық жаратылысты бір-біріне ұқсатпай, барлығын өзінше, өзгеше жаратқан. Әркімнің ойы мен көзқарасы, түсінігі басқа. Мәселелерге әркімнің қарау мен көру бұрышы басқа. Бір отбасында, бір ата-анадан тәлім алған, бір ананың омырауын емген бір үйдің балаларының өзі пікір қайшылығынан өзара түсініспеушілік туындап, сөзге келіп қалатыны белгілі. Тіпті ренжіскені соншама – бір-бірін көрместей жағдайға дейін барады.
Ендеше, екі отбасында, екі руда, екі жақта, екі түрлі мәдениетпен тәрбиеленген жас жұбайлардың бір-бірін түсінбей қалуы, сөзге келуі, әркім өз түсінігі мен пікірінде қалып, оны қорғауы заңды нәрсе.
Ешкім ешқашан ренжісуді, шу шығаруды қаламайды. Алайда өмір болған жерде адам баласы байқамай қателеседі, қате түсініп қалады т.б келеңсіз оқиғалардың болуына жол береді. Маңыздысы – осы болымсыз істерге бола болған түсініксіз жанжалдарды одан ары ұлғайтпау, менмендік пен өркөкіректікке салынбау.
Жастар алғаш танысқаннан бастап некелескенге дейін бір-біріне үнемі әдепті, сыпайы мінезбен араласады. Бір-бірінің кемшілігін кешіріп, үнемі асыға күтіп, сағына кездесіп жатады. Алайда некелері қиылып, бір-біріне тәуелділік басталған күннен бастап, бірінің сөзін бірі көтере алмай, сынықтан сылтау іздеп, болымсыз мәселені отырып ақылдасып шешудің орнына сөзін көтере алмау, айғайға басу сынды қисынсыз қылықтарға ұласады.
«Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады» демекші, некелескенге дейін бәрі жақсы болып жүрген екі жасқа неке мен тойдан кейін не жетпей қалды? Тіпті тойға жетпей-ақ, беташар болған күннен бастап өзінің сүйген жігітін танымай қалған қыздар қаншама. Немесе «мен таңдаған қыз осы ма?» деп басын шайқап, бармағын шайнаған жігіттер қанша.
Ендеше, отбасыда ұрыс-керістің болуы заңды. Алайда оны қалай шешу, дәрежесі қаншалықты, ол басқа мәселе. Осындай мәселелерден ерте ой түйген бабаларымыз «отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп бекер айтпаса керек.
материал «Жұбайлар шаттығы» кітабынан алынды,
sunna.kz