Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти Сингапур министрімен кездесті

0 515

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Астанадағы Республикалық бас мешітте Сингапур Республикасы Премьер-министрі кеңсесінің министрі, екінші Сыртқы істер министрі доктор Мохаммед Османмен кездесті.

Екіжақты кездесуде дінаралық қатынас, тәжірибе алмасу, исламдық білім беру жүйесі сөз болды. Құрметті қонақты жылы қарсы алған Бас мүфти ең алдымен жаңа мешітті таныстырып, ерекшелігін атап өтті.

«Еліміздегі мұсылмандардың қарашаңырағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанында 9 медресе колледж, 7 қарилар орталығы бар. Алматы қаласында Нұр-Мүбарак университеті білікті мамандарды даярлап келеді. Аталған оқу орнында әйгілі әл-Азһар университетінен келген бірнеше ұстаз дәріс береді. Қазіргі таңда республика бойынша 2700-ден аса мешітіміз бар. Бүгін сіз келіп отырған Республикалық бас мешіт Орталық Азиядағы ең ірі құлшылық үйі саналады. Қазақстанға қош келдіңіз!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Өз кезегінде доктор Мохаммед Осман Қазақстанға тұңғыш рет келіп отырғанын айтты. Мешіттің сәулетіне таңқалған құрметті қонақ ҚМДБ Төрағасына ыстық ықыласы үшін алғыс білдірді. «Біздің елде Ислам діні кеңінен дамуда. Қазіргі таңда Сингапур халқының 50 пайызы – мұсылман. Біз алдағы уақытта діни білім беруді кеңінен қолға алсақ дейміз. Бұл ретте сіздерден тәжірибе алуға ниеттіміз. Білікті ұстаздарыңызды біздің елге жіберіп, шәкірт оқыту да жоспарда бар» деді министр.

Бас мүфти шетелдік мейманға дәстүрге сай құрмет көрсетіп, қонақкәде ұсынды. Кездесу соңында тараптар болашақта бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуге уағдаласты.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.