Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бақытқа жеткізер жол: Алла Тағаланың дінін насихаттау

0 408

Айналасындағы адамдарға Алла Тағаланың дінін насихаттаған мұсылман отбасы бақытты саналады. Дінді насихаттаушы мұсылманның Раббысымен байланысы берік болады, шариғатты ұстануы бекем болады, ал Раббысымен байланыста болған адам – бақыттың құшағында. Дінді насихаттау барысында мұсылман, мейлі ер кісі болсын, мейлі әйел кісі болсын Алла Тағаланы еске алумен болады. ал Алла Тағаланы еске алуымен және дінді насихаттау міндетін атқаруымен мұсылманның жүрегі орнығады.

Дінді насихаттаудың шариғаттық тұрғыдан парыз екендігі жайлы Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Сендерден жақсылыққа шақыратын әрі ұнамды істі бұйыратын және ұнамсыз істен тоқтататын бір топ болсын. Міне, солар – бақытқа жетушілер» («Әли Ғимран» сүресі: 104).

Бұл парызды атқаруымен ерлі-зайыптылардың жан дүниелері тыныштық табады, өйткені дінді насихаттаулары дүниеде де ақиретте де өздері мол табыс әкеледі, олардың арманы – осы сауапқа ие болу. Бұған қатысты пайғамбарымыз (алайһи ассолату уа ассалам) былай деген екен: «Кім тура жолға шақырса, оған ерген адамның сауаптарындай сауап оған да болады, сонда олардың сауаптары еш кемімейді, ал кім адасуға шақырса, оған ерген адамның күнәларындай күнә оған да жазылады, сонда олардың күнәлары еш азаймайды».

Дінді насихаттаушы отбасы айналасындағы адамдардан ақы сұрамайды, бірақ тура жолға түсулерін ғана тілейді. Шын мәнінде, олардың көбісі дүниеге не үшін келгендерін білмейді. Сол себептен оларды қорқытып алмас үшін, дінді насихаттаушы оларға шынайы жанашырлықпен қарап, ақиқатты біртіндеп жеткізеді. Осылайша оларға өзінде бар ең зор нығметті, яғни, исламды танытады. Бұлардың исламды насихаттауы тілдерімен ғана шектелмейді, исламның шынайы ақиқаты сонымен қатар жеке өміріндегі жүріс-тұрысында, отбасы өміріндегі мінезінде, қоғам өміріндегі қарым-қатынастарында үлгілі бейнеде кейіптеледі.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Бұл – менің жолым, анық дәлел мен сенім негізінде Аллаға шақырамын, мен және маған ергендер. Және Алла – пәк, әрі мен – ортақ қосушылардан емеспін, – де» («Жүсіп» сүресі: 108).

Осы аяттың негізінде дінді насихаттаушы отбасы Алланың елшісіне (алайһи ассолату уа ассалам) нағыз ерушілерден саналады. Айналасындағы адамдардың насихатты қабылдаулары, тура жолға түсулері, ислам тәлімдеріне сай өмір сүрулері – дінді насихаттаушы отбасының жүрегін тыныштыққа бөлейді, басқа жағдайда олар маза таппайды, өйткені ислам тәлімдерінің өз бойларында және өз үйлерінде ғана шектелуі – бұларды қанағаттандырмайды.

материал «Отбасы бақытына бастайтын 30 жол» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.