Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мәшһүр Жүсіп: Ұл арам; ата тұзын ақтамаса

0 596

Назарларыңызға алаштың әулие ақсақалы Мәшекеңнің адам қадірі, өмірлік мұрат-мақсұт, кісі ұғлының өзін тануы, ұрпақ мұраты, ғылым жүгі сынды өмірдің
жілікті мазмұндары хақында ой толғамдарының бір ұшығы жинақталған жалын атқан жыр жолдарын ұсынып отырмыз.

Иләйім, тоқыған жүректерге берер баһрасы мол болғай!

Шаштым жұртқа Алланың берген сыйын,

Ешбіреуден ақы алмай, жалғыз тиын.

Туған ұлдың, қойғанмен атын «Жүсіп»,

Басқаға «Мәшһүр» болу болар қиын.

Елім  – Күлік, Айдабол; Арғын – затым,

Алты Алашқа жайылған Мәшһүр атым.

Қалам ұстап, ұл тумас енді мендей,

Бұл мұғжиза, басқаға, жазған хатым.

Қылып құмар жасынан дүр тасына,

Қойған салып дарияның ортасына.

Фазылына алып, бір Алла ақ жарылқап,

Қанша өнерді сыйғызған бір басына?!

Түн – қараңғы, дарияның толқын – іші,

Айналмада су жұтып жүрген кісі.

Кімге даусы жетеді айқайлаумен,

«Басы аманның» мұнымен болмайды ісі.

Әркім солай өз әлін шақтамаса,

Ұл арам; ата тұзын ақтамаса.

Не болып, не қойғанын білер жан жоқ,

Бір Құдай фазылына алып сақтамаса!

Қажет емес ешкімнің мақтауына,

Аршыған сөктей қылып ақтауына.

Сөзің кірер құлақтың тесігі жоқ,

Патша Құдай өзі алсын сақтауына!

Өмір бойы алысып жалғанменен,

Үйір болып өңшең жұртта қалғанменен.

Қайсысын көп сөздің көрер дейсің,

Шамша саулап, лапылдап, жаққанменен!

Текке шығын көзіңнің бейпіл жасы,

Кімге қажет болғаның дүрдің тасы?!

Құлағында тесік жоқ бұл күнгі жан –

Саңырауға сәлем бересең, «атаң басы».

Неменеге жарайды жұртта қалған,

Жақсы қоныс алады бұрын барған.

Көп саңырауға душар боп, қор болдың ғой,

Есіл сөзім әр топта құлақ жарған!

«Мәшһүр Жүсіп шығармалары» көптомдығынан.

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.