Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Дін мен дәстүр: Қамшының қандай түрлері бар?

0 365

Оның да түрлері көп. Ат қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, жортуыл қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сарала қамшы, барбас қамшы, орама сапты қамшы, сайтан қамшы, киелі қамшы, қасиетті қамшы, тобылғы сапты қамшы, бала қамшы, шыбыртқы қамшы сияқты көптеген атаулары бар.

Ат айдау жабдықтарының бір түрі – бишік. Жалғыз таспа шыбыртқы бишік, екі таспа, үш таспа, төрт таспадан есілген – ширатылған, ұштарына таспа жалғанған ұзын және қысқа сапты бишік, төрт таспа, бес таспа, алты таспа, сегіз таспадан өрілген, ұштарына таспа жалғанған қысқа сапты түрлері де бар.

Қамшы төрт таспа, бес таспа, алты таспа, сегіз таспа, он екі таспа, он алты таспа деп аталады. Таспаны тіліп қырнап, сыдырып, өңдеу арқылы жуан-жіңішке болады. Бишік те таспаның өңделуіне орай жуан, жіңішке бөліп өріледі. Көптаспалылар мен ішіне өзек салып өргендері әдейі жуандатылады.

Өрілгеннен кейінгі үлгісі – жұмыр, төрт қырлы, бес қырлы, алты қырлы болып шығады. Қамшылардың өлшемі мұнымен шектелмейді. Терінің илеуі, таспаның тілінуі, тері мен таспаның ерекше қасиеттері деп аталады. Өрілуі, өрім мен саптың өзара ұзын-қысқалығы, қатқыл не жұмсақтығы шартты түрде.

Қамшыгерлер өз дағдысы, өз есебі бойынша қалағанын өздері жасап алады немесе арнайы тапсырыспен өргізеді.

Қолайына жаққан қамшыларын ұстаған қамшыгерлер өздерін қарулы адамдай сезінеді.

Қасымхан Бегмановтың “Этнографпен әңгіме” кітабынан

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.