Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан қаласында «Қариялар – дәстүрімнің қазығы» тақырыбында өткен Ақсақалдар форумына қатысты.
Сонымен қатар игі іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы, Діни басқарма жанындағы Ақсақалдар кеңесінің Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласындағы мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, дін қызметкерлері қатысты.
«Абыз ақсақалдар сөзімен жұртты ұйытып, ақыл-кеңесін айтып, қиын сәттерде қолғабыс жасайды. Олардың ақ батасы қаншама жанға жігер берді, елді-жерді кесір-кесапаттан сақтады. Қазақ үшін бата беру – адам баласының сенімін нықтайтын мағыналы, рухани күш. Ата-бабаларымыз бұрыннан ақсақалдың батасын, алғысын алуды өзіне парыз санаған.
Үлкендерден бата алу – қазақтың қанына сіңген жол-жоралғысы, ата салты. Өкінішке қарай, кейбір үлкен кісілердің көпшілік алдында бата бере алмай, тосылып қалуы жанымызға батады. Біз осыған орай бата беру дәстүрімізді жаңғырту мақсатында алдағы уақытта республика деңгейінде «Ақ бата» бата беру байқауын өткіземіз. Қазір облыс, қала деңгейінде іріктеу сайыстары өтуде. Осы сәтті пайдаланып, барша ақсақалдарымызды бата беру байқауына қатысып, белсенділік танытуға шақырамын» деді.
Басқосуда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құттықтау сөз сөйлеп, игі тілегін жеткізді. Сонымен қатар ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшелері қоғамда отбасы құндылығын арттыру, жастардың санасына дін мен дәстүр сабақтастығын сіңіру т.б. мәселелер төңірегінде ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.