Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Діни басқарма Астанада ауызашар берді

0 417

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен зиялы қауым өкілдеріне, түрлі сала қызметкерлеріне, сондай-ақ қарттар және балалар үйіндегі жандарға арнайы ауызашар берілді.

«Рамазан – ізгілік айы» атауымен өткен рухани кеште ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ауызашар дастарқанының қадірлі қонақтарын қасиетті аймен құттықтап, ізгі тілегін арнады.

«Сан ғасырдан бері Ислам дінін рухани тірегі еткен халқымыз берекелі Рамазан айын ерекше дайындықпен күткен. Сауаптар еселеніп жазылатын айда ауызашар беріп, көмекке мұқтаж жандарға пітір садақасын үлестіріп, үлкендердің алғысы мен батасын алуға тырысқан.

Оразада игі ниетпен орындалатын ізгі амалдар бүгінде салт-дәстүрімізге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Жарапазан айту, ауызашар беру сынды игі амалдар дін мен дәстүріміздің ортақ құндылықтарына айналды. Біз осы дәстүрімізді жаңғырту мақсатында ауызашарды салтымызға сай өткізуге мән беріп келеміз. Қазір жарапазан айту салтымыз қоғамдық деңгейде насихатталуда.

Өздеріңізге белгілі, жуырда еліміздің Президенті Жоғары Мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы мені Ақордада арнайы қабылдап, одан кейін ата-баба салтымен ауызашар беріп, халқымызға өнеге көрсетті. Ауызашар дастарханында Мемлекет басшысы: «Мүфтият қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Бұл ретте халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу қажет. Қазақтың әдет-ғұрпы әрдайым ізгілікке шақырады» деп атап өткен болатын. Мүфтият әрқашан дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттап, халықты ізгілікке үндеп келеді. Бұл біздің қоғам алдындағы басты міндетіміз болып қала береді» деді ҚМДБ Төрағасы.

Өз кезегінде құттықтау сөз кезегін алған ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері, атап айтқанда Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚМДБ жанынан құрылған Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев, мұсылман елдерінен келген елшілер атынан Палестина елшісі доктор Монтасер Абузейд мырза Бас мүфтиге алғыс білдіріп, Діни басқарманың игі бастамаларына сәттілік тіледі.

Рухани кеште термелер орындалып, күй тартылды және жас таланттардан құралған өнерпаздар тобы заманауи дәстүр үрдісімен жарапазан жырын айтты.

Кеш соңында қасиетті Құран аяттары оқылып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы дұға жасады. Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға және балаларға арнайы рамазан сыйын табыстады.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.