Салт-дәстүр ескі ұғым ба?
Кешегі кеңестік жүйе кезінде салт-дәстүрді артта қалған ұлыстардың нормалық жүйесі деп танытты. Себебі дәстүрмен жүретін ел мысалы қазақтар мемлекеті жоқ, құқықтық жүйелері жоқ, көші қон салты бар, діні де жоқ халық деді. Бізді ұлт ретінде де мойындамады. Сол идеология сіңіп кеткен бе, біз көбіне әдет-ғұрып, салт-дәстүр туралы өткен шақта қарастырамыз.
Салт дәстүрді ескі дәуірлердегі, тек санада қалған ұғымдар сияқты түсінеміз. Олай емес, салт дәстүр деген ол норма. Ол деген сөз құндылықтық қуаты бар деген сөз.
Ал енді салт-дәстүр құбылысының сырына үңіліп қарасақ, адам мен дәстүр арасындағы байланыс ол рухани сипатта өмір сүріп келеді. Ол деген сөз, адам мен дәстүр арасындағы танымдық үзікті қайта сабақтауды мақсат ететін де, онымен байланысуды қажет ететін де, адамның ішкі рухани әлемі екен.
Расында дәстүр – құндылық. Егер сен оны иеленсең, менікі десең, өз бойыңда тапсаң, сонда ғана ол дәстүр. Яғни ол сенің тұлғаңнан, кісілігіңнен табылу керек. Ол материалды мирас емес. Салт дәстүрді әрбір ұрпақ өз бойында, санасында жаңғыртып, сүзіп, қайта қорытып иегереді. Сонда дәстүр меңгеріледі.
Салт-дәстүр дегеніміз қазақ мәдениетнің он сегіз қабатының бірі. Қазақ мәдениеті – ғарыш сияқты. Онда тіл, дүниетаным, кәсіп, өнер, салт- дәстүр, әдет-ғұрып, әдебиет, тарих, кеңістігі, құқықтық, моральдық, эстетикалық сияқты көп қабаттар бар. Соның ең басты қабаты да салт-дәстүр – жанды құбылыс.
Ол тірі, жанды болғандықтан да, ескі заманнан емес, бүгіннен өзіңнен, ұлттық діліңнен табасың. Жанды себебі ол сана деңгейінде сенің өзіңде бар. Сонымен қауыш, өзіңді өзгерт, жан тыныштығың үшін, ұлттық құндылықтарды құрметтеуіңе, ұрпақ алдындағы жауапкершілігіңе мін болмас үшін. Сонда сенде дәстүр де, салт та, ұлт та, діл де, дін де болмысқа айналып шыға келеді.
Міне сонда ғана сен қазақсың!
Сен үшін біреу салт-дәстүріңді сақтамайды, сен үшін біреу қазақша сөйлемейді, сен үшін біреу құндылықтарыңды қорғамайды. Сен өзің үшін салт-дәстүріңді өзіңмен бірге алып жүруің керек екен.
Досай Кенжетайұлы
Автордың фейзбук парақшасынан алынды.
sunna.kz