Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Пайғамбар тәлімі

0 466

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Оның Пайғамбары Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер болсын! Шын мәнінде Алланы бір, Пайғамбарды хақ деп білген мұсылман үшін Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алар өнеге көп. Барлық істе Пайғамбар сүннетін жоғары қоя білген пенде екі дүниенің игілігіне кенелері сөзсіз.

Қазір қоғамда бала тәрбиесі жайлы көптеген тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылуда. Осы тақырыпта тренинг өткізіп жүрген азаматтар бала тәрбиесінің түрлі тәсілдері жайлы ақпараттармен, тәжірибелерімен бөлісуде. Әрине, мұсылман баласы қазіргі заманның жетістіктерінен, білім мен ғылымнан қалыс қалмауы тиіс. Әйтсе де Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін ұстанған, Алла елшісінің өнегелі өмірін оқыған пенде бала тәрбиесінің негізгі тірегі ардақты Пайғамбарымыздың сүннетінен басталатынын жақсы білер еді.

Осы ретте мына оқиға еріксіз еске түседі. Бір күні қасиетті Мәдина қаласының бір тұрғыны ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, бір бала туралы шағым айтады. Қатты ашуланып келген құрма бақтың иесі әлгі баланың құрма ағашына тас лақтырғанын айтып, шағымданады.

Қашан да жүзінен мейірімділік есіп тұратын Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сабырлы үнмен: «Балапаным, құрма ағашына неге тас лақтырдың?» – деп сұрайды. Бала: «Қатты қарным ашты, құрма жегім келді», – деп жауап береді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жерге түскенін жесең болады, бірақ ендігәрі құрмаға тас лақтырма, жарай ма?» – деп қамқорлық танытады. Осындай жүрекке жылы тиер сөзден кейін баланың басынан сипап, оған былай деп дұға жасады: «Уа, Алла Тағалам! Бұл баланың қарнын тойдыра гөр!».

Қас қағым сәтте болған осы оқиға біз үшін мәңгі сабақ, мәңгі өнеге болмақ. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баланыңәрекетіне ашуланбастан ең бірінші мейірімділік танытты. Бала үшін ең бірінші мейірім керек. Сәби әрқашан ата-анасынан қамқорлық күтеді. Мейірімділік жылы сөзден, жылы қабақ танытудан басталады. Мейірімділік – бала мен әкенің жүрегіне ерекше жылулық сыйлайтын қасиет. Мейірімділік танытпаған әке баласына дұрыс тәрбие бере алмайды. Бала тәрбиесі – сабырлық пен жұмсақтықты талап ететін іс. Баланы
күшпен, ашумен тәрбиелеу мүмкін емес. Күш көрсету жүректі жаралайды. Жүрегі жараланған бала қатігез боп өседі. Сондықтан біз, ата-аналар, бала-шағамызға қатысты кез келген істе Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткендей мейірімділік жолын ұстануымыз тиіс.

Біз көп жағдайда баланың ішкі әлеміне үңіле бермейміз. Онымен ашық сөйлеспеудің нәтижесінде бала күннен-күнге тұйықтала бастайды. Сондықтан егер бала бізге ұнамсыз әрекет жасаса, оның себебін сұрауымыз керек. Жоғарыда келтірілген оқиғада ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баламен ашық сөйлесіп, не үшін құрма ағашына тас лақтырғанын сұрады. Бала да қысылмай ондай әрекетке не үшін барғанын ашып айтып берді. Байқасаңыздар, көп бала ата-аналарының қатты ашуынан немесе қатты жазалауынан қорқып, өзін мазалаған мәселесін ашып айта алмайды. Бұл жағдай әке мен бала арасындағы байланысқа үлкен кедергі келтіреді. Оны көріп те жүрміз.

Кейде біз өзімізді бала кезімізде ешқашан жыламаған, ешнәрсе бүлдірмеген адамдай сезініп кетеміз. Бәріміз де бала болдық. Балаға тән қылық таныттық. Кішкентай баланың өмірі тек тыйымдардан ғана тұрмайтынын терең түсінуге тиіспіз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баладан жасаған ісінің себебін сұрап алған соң оған балама жолды көрсетті. Яғни оған қарны ашқанда тек жерге түскен құрмаларды жеуге рұқсат берді. Ағаштағы құрмаға тас лақтыруға болмайтынын түсіндірді.

Дұға жасау – құлшылықтың негізгі өзегі. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Егер құлдарым сенен Мен туралы (яғни Құдай оларға алыс па, әлде жақын ба деп) сұраса: «Мен оларға өте жақынмын. Қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін» (де)» («Бақара» сүресі, 186-аят) деп баяндаған. Хадистердің бірінде: «Үш түрлі дұға қабыл, оған күмән жоқ. Ол – мазлұмның (жәбір көрушінің), мүсәпірдің және ата-ананың баласына қылған дұғасы», – делінген. Бала үшін дұға жасау – ата-ананың негізгі міндетінің бірі. Оқиғадан түйгеніміздей, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бала үшін арнайы дұға жасап, Жаратқаннан жақсылық тіледі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туысқандармен қатынасты үзбеу мәселесінде де бізге әрқашан үлгі бола бермек. Өйткені Құранда: «Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы» («Ниса» сүресі, 1-аят) деп әмір еткен. Өкінішке қарай қазір қоғамда ағайын арасындағы дау-дамай өршіп, мұның соңы туысқандық байланыстың үзілуіне әкеп соғуда. Ағайынға жасаған жақсылығын міндетсінетіндер де аз емес. Бұл да туысқандық байланысқа сызат түсіруде. Бұл ретте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін бармағанға баруды, бермегенге беруді, қиянат жасағанды кешіруді үйреткен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына үш мінез кімде болса, Алла Тағала сол адамды мейіріммен жәннатқа кіргізеді», – дейді. Сахабалар: «Ол қандай мінез?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Саған бермегенге сен бер, өзіңе келмегенге сен бар, қиянат жасағанды кешір», – деп жауап береді. Осы хадиске толыққанды амал етсек, ағайын арасы жақсара түсер еді.

Қоғамдағы ер мен әйелдің ажырасу жағдайлары да ең өзекті мәселенің біріне айналды. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін мықтап ұстанған жан Алланың аманатына қиянат жасамауға тырысады. Асылында асыл дініміздегі отбасы құндылығы ең жоғары құндылықтардың бірі саналады. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Неке – менің сүннетім! Кім менің сүннетімнен бет бұрса, менен емес», – деп ескерткен. Ажырасу – Алланың рұқсат еткен істердің ішіндегі ең жағымсыз амал. Алла Тағала Құранда: «(Уа, иман келтіргендер!) Жарларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар (сабырлық танытыңдар), Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін» («Ниса» сүресі, 19-аят); «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы» («Ниса» сүресі, 34-аят) деп ескерткен. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерлі-зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілікті арттыруға аса мән берген және өзі ең бірінші болып амал еткен. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірін оқып, оны ойға тоқып өскен өскелең ұрпақ отау тіккен сәтте Аллаға ұнамсыз іс жасамасы анық.

Шын мәнінде Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін ұстанған адам екі дүниенің игілігіне кенеледі. Өйткені Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алар көркем өнегелер көп. Кітабымыз Құранда Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жайлы: «Шын мәнінде, сен ұлы (көркем) мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят) деп баяндалған. Бұл аят туралы Қатада (Алла оны рақымына алсын) мынадай дерек келтіреді. Сағид бин Һишам Айша (Алла оған разы болсын) анамыздан Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінез-құлқы жайлы сұрайды. Айша анамыз: «Құран оқымайсың ба?» – деді. Ол: «Оқимын», – деді. Сонда Айша анамыз: «Расында, Алла елшісінің мінезі Құран болатын», – деп жауап берген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басқа бір хадистерінде: «Алла Тағала мені көркем мінез-құлықты толықтыру үшін жіберді», – деген. Демек көркем мінезді болуға ұмтылған пенде Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнеге алуы тиіс. Баршамызға Аллаға лайықты құл, Пайғамбарға лайықты үмбет болу нәсіп болғай. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №9, 2023 жыл

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.