Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

М.Жұмабаев: Жаңа туған баланы тәрбиелегенде көңіл бөлетін істер

0 722

Жаңа туған баланы тәрбиелегенде тәрбиеші төмендегі нәрселерді білуге, һәм істеуге тиіс.

Өлшеу. Егерде сау болса, жаңа туған баланың салмағы 8 қадақ шамасында болады. Нашар, ауру бала 6 қадақ шамасында, нағыз сау, таза бала 10 да 11 қадақ шамасында салмақты болады. Бастапқы 2де 4 күн ішінде түрлі себептерден баланың туғандағы салмағынан екіден бір де, төрттен үш қадақ шамасында кемиді. Мұнан соң бірте-бірте салмағы арта бастайды. 7 де 10 күнде туғандағы салмағына қайта түседі. Айдың аяғында, туғандағы салмағынан үштен бір артады. Мұнан соң салмақ арту шабандай береді. Екінші жыл бойына бастапқы салмағының бестен бір, үшінші жыл бойына оннан бір, ал енді төрт жастан онға шейін жылына 4 те 5 қадақтан артып отырады.

Бала сау болып туды ма, ауру болып туды ма, сау болып өсіп келе ме, жоқ ауруға айналды ма — осыларды дұрыс біліп отыру үшін жоғарғы мөлшер бойынша баланы өлшеп отыру керек. Бастапқы айда күн сайын, мұнан соң жыл толғанша жетіде екі-үш рет, екінші жылда жетіде бір, үшінші жылда айында бір өлшеп отыру мақұл.

“Баламды безбенге сал” деп айттың деп қазақтың ыршып кетуінде сөз бар ма?! Тәрбиенің басқа түрлерін ести келе, адуын әжелер ыршымақ түгіл сөгіп тастар. Әйткенменен, амал қанша, көтерерміз. Мойнымыз жуан болғанмен, өзіміз жуаспыз. Біздің бар тілегіміз ыршыса ыршысын, ұрысса ұрыссын, тек біздің айтқанымызды естісе екен. Қайткенмен де, біреу болмаса біреу, жүздерін болмаса да, мыңнан біреу осы педагогика көрсеткен жолмен жүрер деп сенеміз. Біз өзімізді ақынның:

Сөзімді біреу алмас, біреу алар,

Құлағын біреу салмас, біреу салар.

Дүниеде сүйгенім бар, күйгенім бар,

Солардан аз да болса белгі қалар, – деген сөзімен жұбатамыз.

Жылылық. Баланың да, жеткен адамның да өлшеулі жылылығы (Цельсий бойынша) 37 де отыз жеті жарым градус болады. Бірақ, жаңа туған бала денесінің жылылығы бастапқы күндерде түрлі себептерден мынау өлшеуден екі де үш градус кем болады. Әйткенмен де ұзамайды, бұрынғы қалпына түседі. Және баланың да, жеткен адамның да жылылығы бір тәулік ішінде бір қалыпта тұрмайды. Біресе өлшеуден асып кетеді, біресе төмен түседі. Жылылықтың төмендейтін уақыты – таңертең. Жоғарылайтын уақыты кеш. Дене жылылығы “термометр” деген бір құралмен өлшенеді. Осы құралмен баланың денесін күнде өлшеп тұру керек. Жылылық белгілі өлшемде тұрса, баланың сау болғаны, не жоғарылап, не төмендеп кеткен болса, баланың ауру болғаны. Жылылық өлшеніп отырылса, келе жатқан науқастың алдын алуға болады. Болмаса, науқас билеп алып, баланы қолды-аяққа тұрғызбай шыңғыртқанда, оның науқас екенін білу, көбінесе пайдасыз болып шығады.

Дем алу. Жаңа туған бала бір минутта қырық төртте қырық рет дем алады. Мұнан соң бірінші жыл бойынша қырық та отыз бес рет, екінші жылда 28, үшінші жылында 25 рет, сөйтіп кеми-кеми, 15 жаста бір минутта 20-17 рет дем алатын болады. Міне, дем алудың осы мөлшерден кем немесе артық болуы баланың сау болмауын көрсетеді. Баланың дем алуын ояу отырғанда санау қиын. Ойнап, қозғалып отырғанда дем алуды мөлшерден арттырып жібереді. Дұрысы, ұйықтап жатқанда санау.

Тамыр соғу. Жаңа туған баланың тамыры бір минутта жүз елу рет соғады. Екі жасар баланың тамыры жүз жиырмаға шейін соғады. Жеткен адамның тамырының соғуы бір минутта жетпіс те алпыс бестен аспайды. Бала ояу отырғанда, әсіресе, жылағанда тамыр соғуы жиілеп кетеді. Мұндайда мөлшерлі соғудан 20-25 рет артық соғады. Баланың тамырын бала ұйықтап жатқанда байқау керек. Сонда белгілі мөлшерден тамыры артық йә кем соқса, баланың сау болмағаны. Тамырын ұстау арқылы бір адамның ауру-сау екені білінетін болса, тамыршылық деген әулиелік емес екені өзінен-өзі көрініп тұр.

Бірақ надандыққа не шара, біздің надан еліміз тамыршыны жынымен сөйлесіп, күбірлесіп, тәңірімен тілдесіп отыр деп біледі.

Бала бөлмесі. Мынау сөзді оқығанда “атыңның басы тиіп, жорғасы қалып па?” дегендей, қазақтың өзіне үй бітіп, баласының жорғасы қалып па деп күліп кекетуші де табылар. Шынын айтқанда, қазақта үй дерлік үй бар ма? Жоқ. Өнерлі ауылдың адамы түгіл, малы да жатпайтын бір былық қора.

Қазақтың қысқы үйінің көбі жермен-жексен болып жатқан шымнан жасалған бір қуыс. Терезе деген тышқанның көзіндей ғана бір тесік. Есіктен, тесіктен, үстінен аңырап тұрған суық. Желдің жыбыр-жыбыр сөйлегенін, дауыл, боранның адасқан аңдай ұлығанын естігің келсе, сорлы қазақтың қысқы үйіне кір. Шым қабырғадан, төбедегі сирек салынған сырғауылдың арасынан сорғалаған су. Жер әбден саз. Босағада қатар-қатар малдың төлі. Иіс-қоңыс, түтін. Егер қазақ жаз шығысымен мынау сасық үңгір зынданын тастап, киіз үйіне шықпаса, сөз жоқ, бірнеше жылдың ішінде қырылып бітер еді. Мінеки, жыл он екі ай ішінде сегіз-тоғыз ай қазақ тұратын үйдің түрі осы. Әрине, мұндай үйде тұрған қазаққа бала бөлмесі пәлендей болсын деп айту орынсыз болар еді. Бірақ біздің үмітіміз келешекте:, сорлы қазақ мәңгі сасық үңгірде құрттап, шіріп жата бермес, тұрмысын түзетер деп сенеміз. Бізге жұбаныш ақынның әлгі өлеңі.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.