Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына барған сапарында қалада салынып жатқан заманауи ұлттық-діни ағарту орталығының құрылыс барысымен танысты.
Жетпіс шәкіртке арналған төрт қабаттан тұратын ғимараттың жалпы аумағы – 3200 шаршы метр. Оқу орталығында Құран жаттау мен діни сауат ашудан бөлек, дүниелік ілімдер де, соның ішінде ел тарихы, Алаш зиялыларының өмір жолы оқытылмақ. Ғимаратта ұстаздарға арналған қызметтік пәтер, дәріс және мәжіліс залы, 100 адамдық асхана мен заманауи фитнес залы бар.
Бас мүфти құрылыс жұмыстарының тез әрі сәтті аяқталуын тілеп, игі іске атсалысып жатқан жамағатқа, жомарт жандарға алғысын білдірді.