Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құран жаттаудың артықшылығы мен жолдары

Құран жаттаудың артықшылығы мен жолдары

0 449

Құранның қандай кітап екенін білмейтін мұсылман жоқ. Алайда оның екі дүниелік маңызына мән бермейтін бауырларымызды кездестіріп қалып жатамыз. Осыған орай сөз басында Құранды Жаратушы Жаббар Иеміз былай деп сипаттағанын айта кеткім келеді:

قَدْ جَاءكُمْ رَسُولُنَا يُبَيِّنُ لَكُمْ كَثِيراً مِّمَّا كُنتُمْ تُخْفُونَ مِنَ الْكِتَابِ وَيَعْفُو عَن كَثِيرٍ قَدْ جَاءكُم مِّنَ اللّهِ نُورٌ وَكِتَابٌ مُّبِينٌ يَهْدِي بِهِ اللّهُ مَنِ اتَّبَعَ رِضْوَانَهُ سُبُلَ السَّلاَمِ وَيُخْرِجُهُم مِّنِ الظُّلُمَاتِ إِلَى النُّورِ بِإِذْنِهِ وَيَهْدِيهِمْ إِلَى صِرَاطٍ مُّسْتَقِيمٍ

«Расында, сендерге Алла тарапынан  нұр және ашық кітап келді. Сол арқылы Алла тағала Өзінің разылығына ілескендерді амандық жолдарына салады және Өз нұсқауымен оларды қараңғылықтан нұрға шығарады әрі тура жолға салады» («Маида» сүресі, 15-16-аяттар). Міне, Құран адамды иләһи дұрыстыққа бастап, амандық жолына түсіріп, қараңғылық батпағынан шығаратын рухани маңызға ие.

Сол үшін де Құран Кәрімді жатқа біліп, жадында ұстаудың да маңызы орасан. Абдулла ибн Амр аль-Ась риуаят еткен хадисте қиямет күнінде Құран жаттаған адамға «Оқы және жоғарыла (төрлет), оқы, дүниеде қалай оқыған болсаң дәл солай оқы. Расында, сенің орның ең ақырғы оқылатын аятта» деп айтылатыны, кім көп жат алса соның дәрежесі жоғары болатыны туралы айтылады (Термизи, Абу Даут және Ахмад риуаяты).

Міне, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл хадисінен Құран жаттаудың жай ғана құлшылық емес, Жаратушы құзырындағы дәреженің көтерілуіне себеп болатын иләһи амал екенін білуге болады. Сонымен қатар, «Ағраф» сүресі, 204-аятында Құран оқудың өзі Алланың Рақымына бөлейтінін айтса, «Рағд» сүресі, 28-аятында жүректі тыныштандыратыны, «Жүніс» сүресі, 57-аяында Құранның адам баласы үшін насихат, жүректегі дерттің  дауасы, мұсылмандар үшін тура жол және жарылқау екені айтылады. Әбу Умама риуаят еткен хадисте Құран қиямет күнінде оқыған адамға шапағатшы болатыны айтылады.

Алланың ақырғы Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  خَيْرُكُمْ مَنْ تَعَلّمَ الْقُرأنَ وَ عَلَّمَهُ

«Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің», – деп ескертеді (Бұхари, Әбу Даут және Термизи риуаяты). Яғни, адами сапаның көрсеткішіне де Құран құндылықтарын игерудің тигізетін пайдасы аз емес.

Ендеше, адамдардың тұлғалық қасиетіне, қарым-қатынас мәдениетіне, кісілік сапасына, берекеті мен Алла құзырындағы нығметтерінің көбеюіне өзіндік ықпал ететін осындай өмірлік маңызы бар кітапты жаттау үшін не істемек керек?

Бірінші, арнайы жеке дағдылар қалыптастыру. Айталық, тайм менеджмент жасақтап белгілі уақтты, әсіресе таңғы уақтты ұтымды пайдалану. Ниетіне адалдық таныту, тұрақталған дағдыны бұзбау, жиі қайталау, жаттаған сүрелерін намазға қосу дағдысын қалыптастыру. Қала берді, табандылық таныту, қиындықтарына шыдамдылық көрсету, сынақтар болса сабыр еті, кестеге құрылған жаттау машығын қалыптастыру, смартфон сияқты көңілді аударатын құрылғылардан алыстап, зейін қою дағысы болуды қамтамасу еткен жөн.

Екінші, белгілі методикаларды пайдалану. Көптеген қарилардың өмірінде қолданға методикалары мыналар; жақсы ұстаздың қадағалауында болу, Құран жаттауға күнделікті уақыт бөлу, жиі қайталау, жаттаған сүресін үнемі қайталап жүру, намазға қосу арқылы пысықтап отыру, жаттаған сүрелердің аудио нұсқасын жиі тыңдау, үздік қирағаттарды көбірек сіңіру және меңгеруге тырысу сияқты методикалық әдістерді меңгерудың тигізетін пайдасы орасан. Өзіне тән индвидуалды методикалық әдістерді көбірек пайдаланудың тиімділігі жоғары. Айталық біреуге тыңдау тиімді болса, біреуге кітаптың бетінен оқып жаттаған оңай болады.

Үшінші, психологиялық дайындық. Кез келген биік мақсатты бағындыру үшін адамға көңіл-күйдің тұрақтылығы мен ішкі күйдің дұрыс болуы аса маңызды. Айталық, қобалжу, алаңдау сезімдері Құран жаттауға да кедергі келтіреді. Сонымен қоса, асығу, түңілу, көп уайымдау да бұл белесті бағындыруға тосқауыл болатындықтан одан аулақ болған жөн.

Төртінші, жеңілінен ауырына, азынан көбіне қарай жаттау. Бұл әрі дағды, әрі методика, әрі психологиялық дайындық. Сонымен бірге, адамның өзіндік ерік-жігерін қалыптастыруға да пайдасын тигізеді. Бірден Құранның ең ұзын сүресі болған «Бақара» сүресін жаттау қиынға соғады. Психологиялық жағынан өзіне деген сенімі азайып, жол ортада жалығып, қажып, ең соңында Құран жаттау сынды ұлы мақсаттан айнып қалуы мүмкін.Есесіне, соңғы парадағы қысқа сүрелерді жаттаған адам шабыттанып, тағы да жаттағысы келіп, өзіне деген сенімі артып, құлшынысы молая түседі.

Бесінші, тақуалық таныту. Яғни, Құран жаттауға ниеттенген адам иман тазалығында, жүрек кіршіксіздігіне көңіл бөлуі аса маңызды мәнге ие. Күнәлардан аулақ болу, адал ас жеу, күмәнді нәрселерден бойды алшақ ұстау сияқты тақуалық дағдысы иләһи кітаптың көкейде тез жад болуына көп көмегін тигізеді.

Міне, осы дағдыларды берік ұстану арқылы Құран жаттауда жетістікке жету оңайырақ болады.

Салман қари Хадиршаев

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің азаншысы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.