Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ғибадатқа бекем болу және арамнан аулақ болу

Ғибадатқа бекем болу және арамнан аулақ болу

0 28

Ғибадаттың мағынасы – Алла Тағаланың парыздарын орындаумен бірге харам нәрселерден аулақ болу және Оның қойған шегінен шықпау.

 

Мужаһид «Алланың өзіңе нәсіп еткен осынау байлықпен ақиреттегі мәңгілік бақыт мекеніне жетуге тырыс. Бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа» («Қасас» сүресі, 77) деген мағынадағы аятты түсіндіріп жатып, «Бұл аяттың мақсаты – «Аллаға құлшылық жасау», – деп айтсақ болады» деген еді.

Ғибадаттың негізі – Алланы тану, Одан қорқу, Одан үміт ету және әрдайым Оның сынағында екеніңді білу. Пенде бұл сипаттардан алыстаса, иманның маңызын түсіне алмайды. Өйткені Алланы танымайынша, Оның бар екенін түсінуге адамзаттың білімі және ой-сезімі жетпейінше, Оның барлық нәрсені естіп, көріп, біліп тұратынына және барлық нәрсеге күші жететініне сенбейінше, орындалған ғибадаттар қабыл болмайды.

Бірде Мұхаммед ибн Әли ибн Хүсейіннен (рахматуллаһи аләйһи) «Сен Аллаға ғибадат жасағанда оны көресің бе?» – деп сұрайды. Мұхаммед ибн Али оған: «Әлбетте! Көрмеген біреуге қайтіп ғибадат жасамақ едім?» – деп жауап береді. Әлгі кісі таңғалып: «Оны қайтіп көресің?!» – дейді. Мұхаммед ибн Әли: «Көзбен оны көруге болмайды, бірақ шынайы иман арқылы жүрек оны көреді. Сезім мүшелері арқылы сезілмейді, өйткені ол адамға ұқсамайды. Аяттарымен танылады, белгілері арқылы сипаттары байқалады. Ол – аспан-жердің серіксіз жалғыз Иесі», – деп түсіндіреді.

Мұхаммед ибн Әлидің сөздерін естіген әлгі кісі: «Алла пайғамбарлықты кімге беретінін өте жақсы біледі», – дейді. Ғалымдардың бірінен «Жасырын ілім» деген не?» – деп сұрайды. Ол: «Жасырын ілім – Алланың періштеге де, пендеге де ашпаған, бірақ сүйген құлдардың жүрегіне салған сыры», – деп жауап береді.

Бізге жеткен мағлұматтарға қарағанда Кәғбул-Ахбар (рахматуллаһи аләйһи): «Егер адамдар Алла Тағаланың ұлылығы туралы кішкентай болса да нақты мағлұматқа ие болғанда су мен желдің үстінде басып жүретін еді», – деп айтқан және «Пенденің Алланы толық тани алмағанын мойындауын иман деп, нығметтерге толық шүкір қыла алмағанын қабыл алуын шүкіршілік деп қабыл алған Алла кемшіліктерден таза», – деген.

Демек, пенде Алланың ұлылығы туралы анық білсе, Оған құл екенін толық қабыл алады. Иман жүрекке орнағанда Аллаға ғибадат жасау зәрулігі өзінен-өзі пайда болады. Иман «заһир» және «батин» болып екіге бөлінеді:

Заһири иман – иман келтіргенін сөзімен білдіру.

Батини иман – жүрекпен сену.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сендер иесінен қорыққандықтанғана міндетін орындаған жаман иттей немесе берілмесе істемеген жаман шәкірттей болмаңдар», – деген.

Алла Тағала: «Адамдар арасында Аллаға тек қара басының пайдасы үшін сүлесоқ құлшылық ететіндер бар. Мұндай адам мақсатына жетіп, жақсылыққа кенелсе, жаны жай тауып, мәз болады. Ал қандай да бір сынаққа, қиындыққа тап болса, бірден сырт айналып, жалтара қалады. Сөйтіп, дүниеде де, ақиретте де бар жақсылықтан қағылып, оңбай зиян шегеді. Міне, оңбай зиян шегу деген – осы» («Хаж» сүресі, 11-аят) деген.

Аллаға құлшылық жасауымыз және бұл ғибадаттың бізге парыз болуы да оның сыйтартуы. Оның бізді соған бұйыруы және жасаған ғибадаттарымыздың сауабын беруі, бұйрықтарына қарсы шықсақ, жазалауы да әділеттілік.

Тәуекел (Аллаға сену) – қиыншылық сәтінде және басымызға бір бәле келгенде төзімділікпен, сабырлылықпен Аллаға арқа сүйеу. Аллаға тәуекел еткендер барлық нәрсеге оның ғана күші жететінін, Оның барлық нәрселерді жоспарлап, құтылуға себеп болатын себепкер себептерді уақыты келгенде жарататынын біледі. Мұндай кісілер әкелерінен де, балаларынан да, байлықтарынан да, қолдағы мүмкіншіліктерінен де жәрдем күтпейді. Керісінше, Алла көрсеткен бағытта жүріп, барлық нәрсені оған тапсырып, қандай жағдай, қандай шартта болса да Алладан басқаға арқа сүйемейді және Одан басқадан үміт етпейді.

Ғалымдардың бірі: «Аллаға ең жақын кісілер – оның берген несібесін шын көңілімен қабыл алғандар», – деп айтқан. Тағы бір мағыналы сөзде: «Қаншама қуаныштардың түбі – ауру, қаншама аурулардың түбі – шипа», – деп айтылады. Алла Тағала бұл туралы былай дейді: «Сендерге қанша жерден ұнамаса да (керек кезде Алла жолында) соғысу парыз етілді. Қайдан білесіңдер, бәлкім, ұнатпаған нәрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар. Сондай-ақ ұнатқан нәрселеріңнің түбінде өздерің үшін зиянды болуы бек мүмкін. Ақиқатын Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара» сүресі, 216).

Пенде бұл дүние сүйіспеншілігін тастамайынша, Аллаға толық құлшылық жасай алмайды. Бір нақыл сөзде: «Ең әсерлі насихат – ортада перде болмай, тікелей жүрекке жеткен насихат», – деп айтылады. «Ортадағы перделер» – дүниелік тосқауылдар. Бір данышпан былай дейді: «Бұл дүние – көзді ашып-жұмғандай уақыт, сен оны ғибадатқа айналдыр».

Бір сахаба Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп: «Мен өлімді жақсы көрмеймін», – деді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) одан: «Мал-мүлкің бар ма?» – деп сұрады. Ол кісі: «Бар», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Өлімнен құтылу мүмкінемес болғандықтан, мал-мүлкіңді өзіңнен бұрын жөнелт (қайырымды істерге жұмса).

Өйткені пенде мал-мүлкінің жанында», – деді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «(Тыйым салынған нәрселерге) қарау – шайтанның оғы. Алладан қорқып, көзін харам нәрселерден сақтағандардың жүрегіне Алла Тағала ләззаты жүректе байқалған иман тарту етеді», – деген.

Бұл туралы айтылған мағыналы сөздерге көз салайық: «Көзін әр нәрсеге қарай беруден тыймағандар көпшілік сәтте өкініп қалады». «Көздеріңе ие бол. Егер оларды бос қойсаң сені күнәға батырады. Егер оларды басқара алсаң, басқа мүшелеріңді де басқара аласың».

Платоннан «Естіген нәрсе жүрекке зияндырақ па не көрген нәрсе ме?» – деп сұрағанда, ол: «Көру мен есту жүрек үшін құстың екі қанаты сияқты. Екі қанатсыз құс ұша да, қона да алмайды. Бір қанаты сынық құс аспанға ұшам десе қиналады және шаршайды», – деп жауап берген.

Бір кісі алдында бара жатқан құлға қарап алып күліп жатқанда, бір тақуа кісі оған: «Ей! Көкірегі соқыр, көзінен у шашқан пенде! Сен жасаған істеріңді жазған және ісәрекеттеріңді бақылап тұрған періштелерден ұялмайсың ба? Олар саған бәлеге ұшыраған және батпаққа батқан байғұстай қарайды. Сен болса ешкімнен ұялмаған немқұрайды кісілердің жағдайына түсіп қалыпсың», – дейді.

Әзірет Әли (р.а.): «Көздер – шайтанның тұзақтары. Ол денедегі мүшелердің ішінен ең тез әсерленуші және ауыр соққы жеуші. Аллаға ғибадат жасау жолында дене мүшелерін басқара алған кісі мақсатына жетеді. Ал енді дене мүшелерін нәпсінің қызметіне беріп қойған пенде барлық істерін жойып жоқ қылады», – деп айтқан.

Абдулла ибн Мүбәрак (рахматуллаһи аләйһи) айтады: «Иманның өзегі – Пайғамбарымыз (с.а.с.) алып келіп үйреткендердің ақиқат екенін қабылдау. Өйткені Құранның шындығына сенген кісі оның бұйрықтарын орындаумен мәңгілік тозақы болудан құтылады. Харамнан сақтанып, адалдан азықтанған пенде тәубе жасап, тақуалыққа беріледі. Парыз ғибадаттарын орындаған кісінің мұсылмандығы күшейтіледі. Шын сөйлеген кісі қиыншылықтардан құтылады. Әділетсіздіктен алыстаған пенде өшігуден алыс болады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннеттерін орындаған адамның істері маңызды. Алланың ғана разылығын көздеген кісінің жасаған істері қабыл болады».

материал Имам Ғазалидың «Жүрек сырлары» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.