Қыс басқа мезгілден күнінің қысқалығымен, түнінің ұзақтығымен ерекшеленеді. Уақытының әрбір минутын жемісті істермен толтырғысы келетін мұсылман адамға бұл – Раббысына жақындау үшін таптырмас мүмкіндік.
Имам Ибн Ражаб әл-Ханбали (Алла оны рақымына алсын) өзінің «Латаифу әл-мағариф» кітабында ол туралы былай дейді: «Расында қыс – мүміннің көктемі. Себебі ол құлшылық бақшасында емін-еркін кезіп, ғибадат алаңында мейлінше өрістейді. Әрі өзіне жеңіл келген амалдар бағында жүрегі тазарады. Жан-жануарлардың көктемгі бақта жайылып, денесіне ет пен күш жинайтыны секілді мүмін де қыста Алла жеңіл еткен ғибадаттармен өз дінін дұрыстай алады». Әрі басқа бір сөзінде қыстың түнгі намазы жаздың оразасымен тең келетіндігін айтады.
Кезінде сахабалар қыс мезгілі жақындағанда қуанатын болған. Мәселен, Абдулла ибн Мәсғуд (Алла оған разы болсын) қыс мезгілі жақындағанда: «Қыс мезгілі қош келді! Ол мезгілде береке
жауады. Намаз үшін түні ұзақ, ораза үшін күндізі қысқа», – деп қыстың пайдалы тұсына назар аудартқан.
Әзіреті Омар болса (Алла оған разы болсын) қыс мезгіліне байланысты: «Қыс мезгілі – көп құлшылық етушілердің ғанибет маусымы», – деп сипаттама берген.
Үлкен табиғиндердің бірі – Убаид ибн Умаир әл-Ләйси (Алла оны рақымына алсын) былай дейді: «Уа, Құран иелері! Құран оқуларың үшін түндерің ұзарды, ендеше оны оқыңдар. Оразаларың үшін күндерің қысқарды, ендеше ораза тұтыңдар».
Муғаз ибн Жәбәл (Алла оны рақымына алсын) өлім халінде жатқан кезде көзіне жас алады. Сонда одан: «Өлімге қайғырып жылап жатырсың ба?», – деп сұралғанда ол: «Алламен ант етемін. Мен өлімге қайғырып немесе дүниелеріңді қалап жылап жатқан жоқпын. Мен аптап ыстықта шөлдеу мен қыстың түнгі намазы үшін жылап жатырмын», – дейді. Яғни аптап ыстықта ораза ұстау мен қыстың ұзақ түндерінде намаз оқудың ләззатынан айырылып қалатындығы себепті оның көзіне жас келді. Осы секілді риуаят Амир ибн Қайстан да (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі.
материал «Қыс – мүміннің көктемі» кітабынан алынды,
sunna.kz