Сүлеймен пайғамбарға (а.с) берілген ғажайып қабілет
Сүлеймен пайғамбарға (а.с) берілген ғажайып қабілет
Құранда Сүлеймен пайғамбар Дәуіт пайғамбардың ізбасары екендігіне қатысты мына аят келтірілген: «Сөйтіп, Сүлеймен әкесі Дәуітке (пайғамбарлықта һәм патшалықта) мұрагер болды. Ол үнемі (Алланың өзіне һәм қауымына деген нығметтерін тілге тиек етіп): «Уа, жарандар! Бізге құстардың тілі үйретілді және (нығмет атаулыға жататын) бар нәрсе нәсіп етілді. Бұл, әрине, (Алланың) ап-айқын шарапаты», – деп, айтатын.
Сонымен қатар Сүлеймен өзіне нығмет ретінде жан-жануарлардың тілі үйретілгендігі айтылады. Оған қатысты мына екі мысал беріледі. Бірінші мысал құмырсқаға қатысты: «Күндердің күнінде Сүлейменнің пәрменімен жындардан, адамдардан және құстардан жасақталған қалың әскер, оның қолбасшылығында темір тәртіппен сап түзеп, алға қарай жылжып келе жатты. Сөйтіп, олар құмырсқалы алқапқа келіп жеткенде бір құмырсқа: «Уа, құмырсқалар! Дереу ұяларыңа кіріңдер! Сүлеймен мен қалың әскері сендерді байқамай таптап кетіп жүрмесін», – деп жанұшыра жар салды. Әлгі құмырсқаның сөзін естіген
Сүлеймен (Раббысының өзіне әрі ата-анасына жасаған жақсылықтарына көңілі тасып) езу тартып күлді де: «Уа, Раббым! Маған һәм ата-анама нәсіп еткен нығметтеріңе лайықты түрде шүкіршілік етуді және үнемі Өзіңді разы ететін игілікті істер істеуді көңіліме ұялатқайсың. Сондай-ақ, мені шексіз рақымыңмен игі құлдарыңның қатарына қосқайсың!», – деп дұға етті («Нәмл» сүресі, 17-19)
Екінші мысал құсқа қатысты: «Бір күні Сүлеймен құстардың қосынын аралап жүріп: «Оу, мен Һуд-һудты (бәбісек құсты) неге көрмей тұрмын? Әлде ол өз бетімен үшті-күйлі жоқ болып кетті ме?» «Ендеше, оны аяусыз жазалаймын, яки бірден басын аламын! Әйтпесе, ол маған өзін ақтайтын орынды себеп айтып, нақты дәйек келтіруі керек», – деді. Содан көп ұзамай-ақ, (Һудһуд келді де Сүлейменнің дәргейіне бас ұрып, аяқ-астынан жоғалып кетуінің себебін баяндады): «Мен расында да, саған беймәлім бір істің жайын білдім. Мен саған Сәбә жерінен аса маңызды һәм рас екендігі күмәнсіз хабар алып келдім». «Сәбә елінде бір әйелдің патшалық құрып, бүкіл елді билеп отырғанын көрдім. Бір өзіне (нағыз патшаға нәсіп болатын) нәрсенің бәрі беріліпті. Сондай-ақ оның үлкен тағы бар екен (соған қарағанда, билігі бекем, пәрмені күшті екені анық)» «Алайда, оның да, қауымының да құдіреті күшті Аллаға емес, күнге табынғанын көрдім. Шайтан олардың сондай теріс істерін өздеріне кереметтей етіп көрсетіп, тура жолдан тайдырған екен. Сондықтан да, олар өздігінен тура жолды табар емес». «Әйтсе де, көктер мен жердегі жасырын нәрсенің бәрін жарыққа (һәм ондағы тіршілік иелерінің бәрін жоқтық түнегінен жарық әлемге) шығаратын, сондай-ақ, іштеріңе бүккендеріңді де, жария еткендеріңді де толық білетін бір Аллаға сәжде етуі керек емес пе?!». «Өйткені, Алла – Одан басқа құдай жоқ! Ол – ұлы Арштың Раббысы!» Сүлеймен оған: «Рас айттың ба, жоқ, әлде өтірікші кәззәптардың бірімісің? Оны әлі-ақ көреміз», – деді. Содан соң: «Мына хатымды алып бар да олардың (Патшайым мен кеңесшілерінің) алдына таста. Содан кейін оларды жайына қалдыр да бұл хатқа не дейді екен һәм қандай шешімге келер екен соған назар сал»,– деп бұйырды. («Нәмл» сүресі, 20-28)
Бұл келтірілген аяттарда бірнеше маңызды тармақтар бар. Солардың бірі – Сүлейменге «мантиқут-тайр» үйретілгендігі. Бұл сөз «мантиқ» және «тайр» сөздерінен құралған. «Мантиқ» мәні бойынша «сөйлеу» (нутуқ) дегенді білдіреді, бірақ ол сөйлеудің бастауы болып табылатын «рухани күш» дегенді білдіретін терминологияға айналып кетеді. Нутуқ – ішкі сезімді білдіру үшін дара немесе күрделі түрде тіл және сөзді пайдалана отырып тыңдаушыға хабар жеткізу. Мұндай сөйлеу шын мәнінде адамға тән. Дегенмен теңеу мен метафора арқылы білдірудің басқа түрлерін де «сөйлеу» деп атауға болады. Мысалы – жазу немесе басқа да ерекше белгілері бар бір нәрсені айту ішкі сөйлеудің көрінісі ретінде беріліп, бейнелі сөйлеу болып саналады, ал көгершіннің уылдауын арабтар «сөйлеу» сөзімен сипаттаған. Осы анықтамаларға сүйене отырып, көптеген тәпсіршілер аят мәтініндегі «мантиқ» сөзін мейлі олар бір немесе бірнеше сөзден тұратын болса да, мағыналы немесе мағынасы жоқ «дыбыс шығарудың барлық түрлерінің атауы» деп түсіндірді. Олар «мантиқут-тайр»-ды құстың әр түрлі сезім мүшелері арқылы шығаратын дыбыстары арасындағы қатынасты басқаратын сезімталдық күші деп түсіндірді. Мысалы, қораздың жем іздеп жан-жағын қазып алуында қисын бар, жемді тапқан кезде тауықтарды «шиқ-шиқ» деп шақыруы сөйлеу, тіл дегенді білдіреді.
Құстар сияқты, басқа жануарлар да белгілі бір дыбыстар арқылы байланысатыны сөзсіз. Аятта қысқаша мағынаны білдіру үшін тек қана құс мантиқы туралы айтылған. Бұл дегеніміз әзірет Сүлеймен адамнан ең қашық тұратын және қашатын құстың мантиқын білгенде, адамға жақынырақ және көбірек араласатын жануарлардың мантиқын оңайырақ түсінеді дегенді білдірсе керек. Негізінде, аятта айтылғандай, ол құмырсқалардың мантиқын , яғни сөзін түсінді. Ал бұл аят Сүлейменнің барлық жануарлар класының мантиқын/тілін білгендігін көрсетеді. Біздің пайымдауымызша, Сүлейменге берілген бұл ғажайып қабілет ғылым мен техникаға бар күшімен бет бұрған адамзатқа осындай нәрсеге қол жеткізуге шақыру және ынталандыру. Ілім мен білімнің көкжиегін көрсету.
материал «Құрандағы технологияға қатысты ишаралар» кітабынан алынды,
sunna.kz