Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ақтөбеде мешіттер жанынан рухани-танымдық орталық ашылды

Ақтөбеде мешіттер жанынан рухани-танымдық орталық ашылды

0 151

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орай Ақтөбе қаласында екі мешіт жанынан рухани-танымдық орталық ашылды.

«MUFTIYAT» баспасының кітаптары мен төл басылымдары, тарихи пен Алаш зиялыларының еңбектері, яғни 2 мыңнан астам көркем әдебиеттермен толықтырылған рухани-танымдық орталық «Анашым» және «Ар-Рахим» мешіттері жанынан құрылып, қала тұрғындарына пайдалануға берілді.

Рухани орындардың ашылуына ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Батыржан Мансұров пен өңірдің бас имамы Амантай Садиев, қалалық орталық мешіттің бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы, Ақтөбе облыстық маслихат депутаты, орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Қойлыбаев, қалалық мәслихат депутаты Амантай Үмбетай, ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшесі, зиялы қауым және БАҚ өкілдері, қала тұрғындары т.б қатысты. Сәулеті жарасқан «Анашым» мешіті Баянауыл тұрғын үй алабы, №510 жер телімінде, ал 41 жол айрығы, №84 жер телімі мекенжайында «Ар-Рахим» мешіті орналасқан. Әр мешіттің сыйымдылығы – 1000 адам.

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы рухани орданың ашылуымен құттықтап, Ақтөбе халқына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізді. Сонымен қатар дін жанашырлары «Анашым» мешітін салушы Үмбеталин Сағдатқа, «Ар-Рахим» мешітін салушы Танкеев Талғатқа Бас мүфтидің алғыс хатын табыстады. Ал жаңа мешіттерге Құран аяттары жазылған кәдесыйларды табыстап: «Өздеріңіз білесіздер, мешіттің атқаратын қызметі, қоғамдағы орны өте үлкен. Мешіт – руханият ордасы, оқу-білімнің орталығы. Себебі мешіттеріміз тек құлшылық жасайтын орын ғана емес. Мешіт – діни сауат ашатын, сәбилерге азан шақырып ат қоятын, жаңадан отау құрған жас жұбайлардың ақ некесін қиятын, дүниеден өткен аяулы жандарға Құран оқытып, дұға бағыштайтын, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасалатын, қиналған адамдарға рухани қолдау көрсететін мейірім мекені. Ендеше, бүгін ел игілігіне беріліп отырған осы мешіттің де іші жамағатқа толып, дін Исламға лайықты қызмет етуін тілеймін!» деді бөлім меңгерушісі Батыржан Берденұлы.

Ал Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев бұл игі шараның облыс аумағындағы барлық мешіттерде жалғасын табатындығын жеткізіп, жамағатты кітап оқу арқылы рухани азық жинау үшін белесене атсалысуға шақырды.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.