Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен Көкшетау қаласындағы «Жақия қажы» мешітінің жанынан Құран жаттау және діни сауат ашу орталығының жаңа ғимараты ашылды.
Ғимараттың салтанатты ашылу рәсімінде Наурызбай қажы Тағанұлы бұл орталықта діни сауат ашу курсы және Құран жаттауға орталығына арналған жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.
«ҚМДБ-ға қарасты мешіттер жанында діни сауат ашу курстары жұмыс істейді. Мұндай курстар не үшін керек? Біріншіден, діни сауат ашу курстарында Ислам дініне қатысты дұрыс әрі сенімді ақпарат беріледі. Сондықтан курс шәкірттері деструктивті ағымдардың ықпалынан сақтанып, діндегі қате түсініктерден алыс болады. Екіншіден, Құран мен хадистерді дұрыс оқуды үйренеді. Себебі қазіргі таңда дұрыс Құранды оқу және оның тәпсірін түсіну өте маңызды. Үшіншіден, мұндай курстарда дұрыс ғибадат жасау, яғни намаз, ораза секілді құлшылық түрлерін шариғатқа сай орындауға баулиды. Төртіншіден, бұл жерден шәкірттер рухани тәрбие алып шығады. Яғни діни қағидаттарды орындау арқылы мінез-құлқын, іс-әрекетін түзеп, арлы, адал, иманды адам болып қалыптасады. Бесіншіден, мұндай курстардан дәстүрлі Ислам құндылықтарын үйренеді. Сонымен қатар діннің отбасындағы, қоғамдағы рөлін терең түсініп, қоғамға пайдасын тигізе алатын, отбасының ұйытқысы болатын жан екенін сезінеді», – деді.
Бас мүфти сондай-ақ қай жерде Құран оқылса, сол жерде береке болатынын айтып өтті. «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Құранды оқыңдар, өйткені ол Қиямет күні оны оқығандарға шапағатшы болады», – деген. Құран оқу – дертке шипа, жанға дауа. Адам баласы Құран оқу арқылы ғажап сезімге бөленеді. Алланың сөзін оқыған сайын ықыласың арта береді. Сондықтан біз өмірімізді Құранмен нұрландырғанымыз абзал. Ұрпақтарымыз Құран жаттап, Исламның игі қасиеттерін бойына сіңірсе, адал азамат, иманды ұрпақ болары анық», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, Жақия қажы мешіті жанындағы Құран жаттау және діни сауат ашу орталығының бірінші қабатында – бала дамуы орталығы, тігін курстары және дәстүрлі спорт түрлері залы, екінші қабатында – ер балаларға арналған екі сынып және қыздарға арналған бөлек сыныптар, үшінші қабатта – жатақхана, тәрбиешінің бөлмесі, кітапхана, Құран жаттауға арналған зал, асхана және дәретхана орналасқан.