Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Әлеуметтік желі әдебі: Уақытты зая кетірмеу

Әлеуметтік желі әдебі: Уақытты зая кетірмеу

0 99

Уақыт – адам баласына оны жақсылықтармен толтыруы үшін берілген үлкен нығмет. Алла Тағала қасиетті Құранда «Фурқан» сүресі, 62-аятында: «Ол – Алла, ойланып, ғибрат алуды, яки шүкіршілік етуді қалайтын әрбір жан үшін түн мен күндізді бір-бірінің ізін алмасып тұратын қылды», – деп айтқан.

Қазіргі күні байқасақ көп адамдар ұйқысынан оянбай жатып ең әуелі ұялы телефонына үңіледі. Әлеуметтік желілелердің бірнешеуін ашып, «қызықты бір жайт өтіп кетпеді ме екен?» дегендей тексеріп, көріп болғаннан кейін ғана басқа істеріне кіріседі. Сол сиқяты ұйқыға жатарда да көп адам жарты сағат не одан да көп уақытын ұялы телефонға жұмсап барып ұйықтайды. Қоғамдық көліктерде, жұмыс орнында да себепті не себепсіз көп адамның ұялы телефонға үңіліп отырғанын байқаймыз. Ең қиыны көлік жүргізіп бара жатып ұялы телефонға үңіліп, сол арқылы өзіміздің, көлік ішінде отырған жақындарымыздың әрі басқа да қоғамдағы адамдардың өмірін қауіп-қатерге тігу. Осындай қателіктің салдарынан қаншама көлік апаты болып жатқаны да біздерге аян.

Өмірдің уақыттан тұратынын ескерсек, қазіргі ғаламтор, әлеуметтік желілер біздің уақытымызды басқармай, біз ғаламторты игеруіміз аса маңызды. Ол үшін күнделікті әлеуметтік желілерді қажеттілігімізге байланысты пайдаланып, құр уақыт өткізу құралы ретінде қолданбауымыз керек. Өйткені уақытты бос ысырап ету – бұл бағалы нығметінің қадірін білмей, оған шүкір етпеудің көрінісі.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің бірнеше аятында күн, түн, асыр, таң уақыттарымен серт етуі – уақыттың өте құнды нығмет екендігін білдіреді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды», – деген (имам Термизи).

Қияметте болатын негізгі төрт сұрақтың екеуі уақытқа байланысты болуы біздердің уақытқа қаншалықты ұқыпты болуымыз керектігін білдіреді. Адам баласы өмірін қалай өткізгендігі жайындағы сұрақтан кейін жастық шақтағы уақыт турасында бөлек сұрақтың қойылуынан – әсіресе жастық шақтағы алтын уақытты бос, пайдасыз істермен өткізуден аса сақ болуымыз қажеттігін ұғамыз.

Уақыттың құндылығы турасында ақын Мұқағали атамыз да:

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?

Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.

Менің жаным ашиды бұл өмірді,

Өтпейтіндей көретін адамдарға! – деп өлең жазған.

Адамның бұл өмірдегі негізгі жаратылу мақсаты құлшылық екендігін ескерер болсақ, әлеуметтік желілер адамды Жаратушының бұйрығын орындап, құлшылық жасауына бөгет болмауы қажет. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Мұнафиқун» сүресінің 9-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Мал-мүліктерің мен бала-шағаларың сендерге Алланы еске алуды ұмыттырмасын», – деп айтқан.

материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.