Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жамбыл: Қасиетті айда жаңа мешіт ашылды

Жамбыл: Қасиетті айда жаңа мешіт ашылды

0 213

Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылында қасиетті Рамазан айында жаңа мешіт ашылды.

«Домалақ ана» аталған имандылық ордасының ашылу рәсіміне Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, аудан ардагерлері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Салтанатты шара қасиетті Құран  аяттарын оқумен басталды. Жиында сөз алған Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы жаңа мешіттің ел бірлігі мен руханиятын нығайтудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ, Жамбыл ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Уәлиұлы да игі бастаманың елге берер пайдасы мол екенін айтып, жиналған жұртшылықты құттықтады.

Салтанатты сәтте лента қиылып, жаңа мешіттің есігі жамағатқа ашылды. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, жиналған көпшілік ақ тілектерін білдіріп, дұға жасады. Жаңа мешіттің сәулеті мен ішкі көрінісі ерекше көз тартты. Мұнда жамағаттың құлшылық етуіне барлық жағдай жасалған.

Мешіттің ашылуына орай арнайы ас беріліп, қасиетті дұғалар оқылды. Жиналған жамағат жаңа мешіттің ұзақ жылдар бойы ел игілігіне қызмет етіп, мұсылман қауымының рухани орталығына айналуын тіледі.

Айта кетейік, «Домалақ ана» мешіті заманауи үлгіде салынған, бір мезетте жүздеген адам намаз оқи алатын кең әрі жарық құлшылық орны. Сондай-ақ, мешіт жанынан діни сауат ашу курстары ұйымдастырылып, жастар мен ересектерге арнайы дәрістер өткізу жоспарлануда.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.