Ислам еңбектену арқылы байлыққа кенелуді тыймайды. Оның да Алланың разылығына жетелейтін тиімді жолдары бар. Алла Тағала құлдарына Құран Кәрімде қалай ризық-несібені арттыруға болатынын көрсетіп қойған:
- Алладан шынайы қорқу
Құранда: «… кім Алладан (шынайы) қорықса, оған тығырықтан шығатын бір жол ашып береді. Оған ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаға тәуекел етсе, сонда оған (медеткер ретінде Алла) жетіп асады. Сөзсіз, Алла өз бұйрығын атқарады. Расында, Алла әр нәрсеге бір өлшеу қойған», – деп айтылған («Талақ» сүресі, 2-3 аят).
- Әр нәрсеге қанағат ету
Қасиетті Құранда: «Егер олар Алланың, Елшісінің өздеріне бергеніне разы болса және «Алла бізге жеткілікті. Жақында Алла және Елшісі бізге кеңшілігінен береді. Расында, біз Аллаға ынтықбыз» десе жетер еді», – деген («Тәуба» сүресі, 59-аят).
- Алладан кешірім сұрау
Кешірім сұрау, яғни истиғфарды көп айту да байлыққа қол жеткізудің бірден-бір жолы. Аятта: (Сондай-ақ оларға): «Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені Ол өте жарылқаушы», – дедім. «Ол сендерге аспаннан мол-мол жаңбыр жібереді. Әрі өздеріңді малдармен, балалармен қамдайды. Және сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады» делінген («Нұх» сүресі, 10-12 аят).
- Шүкірлік ету
Шүкір етуші пенденің де ризық-несібесі артып отырады. Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, (нығметімді) арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты», – деп айтқан («Ибраһим сүресі», 7-аят).
- Тапқаныңды жақсылыққа жұмсау
Негізінде адам баласы тапқанын Алла жолында жұмсаған сайын арта түседі. Қасиетті Құранда: «(Мұхаммед): «Рас, Раббым несібені құлдарынан кімге қаласа, кеңітеді оған өлшеп те береді. Сендер тиісті орынға бір нәрсе жұмсасаңдар, сонда Алла, тағы да есесін береді. Ол – ризық берушілердің ең жақсысы» де» («Сәбә» сүресі, 39-аят).
- Үйленіп, некелесу
Отбасын құрып, үйлі болу да байлыққа кенелтеді. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Араларыңдағы отау құрмағандарды, құлдарың мен күңдеріңнің арасындағы ізгі жандар мен үй болуға жарайтындарды үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла өз кеңшілігімен байытып қояды. Алланың мейірімі шексіз, бәрін білуші» («Нұр» сүресі, 32-аят). Халқымызда да «бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деп айтылған.
дереккөз: muftyat.kz