Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Әлеуметтік желі әдебі: Балаларымызды бақылау

Әлеуметтік желі әдебі: Балаларымызды бақылау

0 98

Бала – ата-ана үшін берілген аманат. Ата-анасы оның тәрбиесіне, әдепті де білімді, өзгелерге мейірімді әрі жанашыр болып өсуіне үлкен мән беруі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тахрим» сүресі, 6-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар», – деп айтқан. Аталмыш аятты тәпсірші ғалымдарымыз: «Оларға әдеп пен білім үйрет», – деп түсіндірген.

«Баланы телефоннан қалай ажыратуға болады?» – деген сұрақ қазіргі күні көп ата-ананың бала тәрбиесіне қатысты басты сұрағы болып отыр.

Жыласа болды тынышталсын деп қолына телефон ұстатып, баланы үйрететін өзіміз. Абай атамыз қара сөзінде: «Әуелі балаңды өзің алдайсың: «Әне, оны берем, міне, мұны берем» деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?» – деп айтатыны бар. Телефонмен алданып, тынышталғанына басында мәз боламыз. Бірақ соған тәуелді болып қалғаннан кейін қалай ажыратудың жолын білмей жүреміз. Сол үшін ең әуелі «Баланы телефонға әуестендірмеуіміз қажет» – деген мәселені уайымдауымыз керек.

Баланың жыламауы үшін әркез қолына телефонды ұстатып қойып, қалаған ойынын ойнап, қалаған парақшларды көруіне мүмкіндік беруге болмайды. Иә, қазіргі телефон заман талабы. Телефонды мүлде бермей қоя алмаймыз. Балаға оны қажетіне қарай белгілі бір арнайы бөлінген уақыттарда ғана қарауына не ойын ойнауына мүмкіндік беру қажет. Оның өзінде баланың санасын дамытатын ойындар болғаны жақсы. Ғаламтордың онлайн ойындары негізінен атыс-шабыс, тағы басқа қантөгу, жауыздық тақырыбында болады. Осы ойындарды ойнаған бала психологиялық түрлі дерттерге де ұшырауы ықтимал. Тіпті оның жүрегенде рақымдылық пен мейірімділікті жойып, қатыгездік сезімдерін оятып, оның арты түрлі қылмысқа апаруы да мүмкін. Сондықтан да ата-ана бұл мәселеде өзінің жауапкершілігін сезініп, баланың ғаламтормен байланысының дұрыс болуын қадағалауы керек.

Мектеп баласының әлеуметтік желі арқылы кіммен сөйлесіп жүр, қандай топтарға тіркелген деген мәселесіні де ата-ана назарда ұстағаны жөн.  Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар және әрқайсыларың иеліктегілерің үшін сұраласыңдар. Басшы да бақташы әрі өз иелігіндегі үшін сұралатын болады. Ер адам өз жанұясының бақташысы әрі олда иелігіндегі үшін сұралады. Әйел де күйеуінің үйі мен балаларының бақташысы әрі ол да өз иелігіндегі үшін сұралады. Қызметші де өзінің мырзасының дүниесіне бақташы әрі ол да өз иелігіндегі үшін сұралатын болады. Сол үшінде барлығың бақташысыңдар әрі иеліктегілерің үшін сұралатын боласыңдар», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.