Алматыда республикалық «Әсем киім – әйел ажары» байқауы өтті
Алматыда республикалық «Әсем киім – әйел ажары» байқауы өтті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласында өтіп жатқан «Әсем киім – әйел ажары» атты мұсылман әйелдердің сән байқауының ашылуына қатысты.
ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан іс-шарада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғысөз сөйлеп, барша қатысушыларды құттықтады.
«Әйел – отбасының ұйытқысы, қоғамның тірегі. Ал әйелдің киімі – оның тәрбиесі мен көркем мінезінің айнасы. Халқымыз «Қыздың көркі – шебердің өрнегі» деп бекер айтпаған. Киім – адам болмысының бір бөлігі ғана емес, тұтас ұлттың мәдениетінен сыр шертетін құндылық. Әйел киімі – оның тақуалығының бір көрініс деп айтуға болады. Ұлттық киім үлгілері арқылы біз өскелең ұрпаққа ата-бабамыздың рухани байлығын, ұлттық болмысын, діні мен ділін жеткіземіз.
Сахнада көрсетілетін әрбір киім – тек сән емес, тәрбиенің, өнердің, шеберліктің көрінісі. Осы шараны ұйымдастырып отырған барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Қатысушы аруларымызға сәттілік тілейміз. Ұлттың ұяты – қызда, қыздың көркі – киімде, киімнің сәні – ибасында екенін естен шығармайық»,- деп атап өтті Бас мүфти.
Мұсылман қазақ әйелдерінің заманауи сән сайысында әділқазылар алқасының құрамын ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгеруші Динара Құтқожа, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, стилист моделер Фарида Мерхамитқызы, Дизайнер-стилист Жұлдыз Шарипова төрелік етуде.
Айта кетейік, Республика бойынша мұсылман әйел киімдерін тігуде үздік дизайнерлер қатысып, өз өнімдерін көпшілікке ұсынбақ. Сәндік байқауға қатысуға 30-дан астам дизайнерлер өз өтініштерін білдіріп, ұйымдастырушылар талабына сай деп танылған, әр өңірден келген 19 дизайнерлер топтамасы сайысқа қатысуға жолдама алған болатын. Қазылар алқасы кіл жүйрікте кім жүйріктен үздік үштікті барлық шарт пен талапқа сай дизайнерлерді анықтайтын болады.